Kazenergy форумы аясында Қазақстан мен Тәжікстан энергетика министрлері келіссөздер жүргізді

Астанада өтіп жатқан Kazakhstan Energy Week – 2025 форумы аясында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Далер Джума Шофакир кездесті.
Министр Тәжікстан делегациясына форумға белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Бұл кездесу – екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастың және өзара сенімнің маңызды белгісі екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту, энергетика саласындағы өзекті мәселелер мен болашақтағы бірлескен жобаларды талқылады.
Келіссөздер барысында тараптар кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде гуманитарлық қолдауды талқылады. Әсіресе электр энергетикасы саласына ерекше назар аударылды. ҚР Энергетика министрі Қазақстан 2023 жылғы Меморандум аясында қарастырылған Рогун СЭС-інен электр энергиясын жеткізу жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.
– Біз бұл келісімді энергетикалық жүйені теңгерімдеуге, ауыл шаруашылығын қолдауға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін кешенді құрал ретінде қарастырамыз, – деді Ерлан Ақкенженов.
Кездесуде Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы энергожүйелерді синхрондау мәселесі де талқыланды.
Осыған орай KEGOC пен Тәжікстанның ұлттық энергетикалық компаниялары транзиттік техникалық режимдерді келісу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыратын болды.
Кездесу қорытындысында ҚР Энергетика министрі Е.Ақкенженов бұл келіссөздер екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара серіктестікті одан әрі нығайтуға серпін беретінін атап өтті.