Cемей-7°С
Ауа-райы
  • Абай1°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-4°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау-3°С
  • Курчатов10°С
  • Көкпекті-4°С
  • Үржар-0°С
537.77 622.95 6.65

Сенаторлар Қазақстан мен Арменияның көші-қон саласындағы ынтымақтастығы туралы заңды мақұлдады

2-10-2025, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында, алдымен, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Депутаттар атап өткендей, Келісімді іске асыру көші-қон саласындағы заңдылық режимін нығайтуға, екі ел азаматтарының уақытша болуына қолайлы жағдай жасауға және Қазақстан мен Арменияның құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. Құжатта көрсетілген нормаларға сәйкес екі ел азаматтарының мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқығы бар. Сонымен бірге екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болғандар 30 күнге дейін тіркеусіз болу мүмкіндігі қарастырылған. Осы шаралардың барлығы уағдаласушы мемлекеттерде құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, саяси және экономикалық байланысты одан әрі дамытуға, сондай-ақ, екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған.

«Қаралған заңдар Қазақстан мен Армения арасында көші-қон процестерін құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осыған байланысты елдеріміз статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен алмасуға келісті. Сондай-ақ азаматтарымыздың жайлы сапары үшін жағдай жасалуда. Соған сәйкес, бұдан былай қазақстандықтар Арменияға жеке куәлік арқылы бара алатын болады. Алдағы уақытта мақұлданған заңдар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Бекбол Орынбасаров «Ата жолы» картасы шетелдердегі қандастардың Қазақстан аумағында бизнес жүргізуіне және елге білікті мамандар тартуға қажетті жағдай жасай алмай отырғанына назар аударды.

Нурия Ниязова ойын алаңдарында аттракциондар мен жабдықтарды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, осы саладағы олқылықтарды жоюға арналған нақты шаралар ұсынды.

Геннадий Шиповских Денсаулық сақтау министрлігінің қарқынды бақылауындағы мамандандырылған Республикалық психиатриялық аурухананың инфрақұрылымы сын көтермейтін жағдайда екенін айтып, Үкіметтің назарын аударды. Алматы маңында орналасқан бұл аурухана – қоғам үшін аса қауіпті қылмыстар жасаған психикасы бұзылған адамдар мәжбүрлеп емделетін жалғыз мемлекеттік мекеме.

Амангелді Есбай өңірлерде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп жүрген ІТ мамандар мен экономист-бухгалтерлердің мәртебесі, еңбек жағдайлары және жалақысы еңбектің күрделілігі мен жүктелетін жауапкершілікке сәйкес келмейді деп есептейді. Сенатор саладағы басқа да түйткілдерді атап өтіп, оларды шешу жолдарын тілге тиек етті.

Серік Шайдаров Ұлытау облысындағы Бидайық және Кеңгір су қоймаларындағы гидротехникалық қондырғылардың тозуына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты ол Үкіметті аталған нысандардың техникалық жағдайын анықтау үшін мамандандырылған ұйымды тартуға, су қоймаларының түбін тексеруге, тазарту және басқа да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Дархан Қыдырәлі ұлттық мұра, тарих, мәдениет және өнерді сақтап, ілгерілету, сондай-ақ, музыкалық аспаптар жасайтын шеберлерді институционалдық қолдау жөнінде маңызды ұсыныстар айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив