Сенаторлар депутаттар бастамашы болған есірткі саудасына қарсы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынуына байланысты Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату, сондай-ақ, Парламент Сенаты тағайындаған Жоғары аудиторлық палата мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселелерді қарады. Одан бөлек, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған бірқатар заңды қарап, мақұлдады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Мемлекет басшысының ұсынуын қарау нәтижесінде сенаторлар отставкаға кетулеріне байланысты Ботагөз Ералиева мен Қамбар Нұрышевты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.
Сонымен қатар Палата отырысында Парламент Сенаты тағайындаған Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселе қаралды. Бұған дейін Рашит Ахметовтің атынан өзін Жоғары аудиторлық палатаның мүшелігінен босату туралы өтініш келіп түскен еді. Регламентке сәйкес бұл мәселе Қаржы және бюджет комитетінде алдын ала талқыланды. Ашық дауыс беру арқылы депутаттар аталған шешімді қолдады.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралып, ратификацияланды.
Отырыс кезінде атап өтілгендей, бұл заңдарды мақұлдау – халықаралық қатынастарды нығайту және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру үшін тұрақты жағдай жасау жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ аталған құжаттарды ратификациялау ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, отандық бизнесті халықаралық деңгейде ілгерілету үшін сауда кедергілерін жоюға және Қазақстанның сауда-экономикалық дамуын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен бірге сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дипломатиялық қызмет, халықаралық шарттар және дамуға ресми көмек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы заңды қарап, мақұлдады. Заң ел Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатымен әзірленді.
«Мақұлданған заң дипломатиялық қызмет заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, заң аясында дипломатиялық қызметке тұру, еңбек ету және біліктілікті арттыруға қатысты жекелеген мәселелер нақтыланып отыр. Сондай-ақ дипломаттардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілген. Заңның мақұлдануы дипломатиялық қызмет органдарының жұмысын дамытуға және халықаралық шарттар жасасу процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Онда бірқатар маңызды нормалар қарастырылған. Есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен курьерлер функцияларын орындайтын адамдар үшін жаза сараланады. Ұйымдастырушылармен күрес күшейтіліп, бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұзарту жазасы қарастырылады. Сондай-ақ қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамдар үшін, сол сияқты, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз өндіргені үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгілей отырып, неғұрлым қатаң қылмыстық жауаптылық шараларын енгізу ұсынылады. Бұл есірткінің айналымына байланысты қызмет бабын теріс пайдалануға қарсы тежеуші фактор болмақ.
«Заң нормаларына сәйкес Қылмыстық кодексте есірткі өндірісімен айналысатындардың және оларды таратушылардың аражігі ажыратылып, жауапкершіліктері қайта қаралды. Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға «күшті әсер ететін заттар» жаңа ұғымы енгізіліп, олардың айналымы реттелетін болды. Мақұлданған заң алдағы уақытта азаматтарымыздың құқықтарының қорғалуын арттыруға және есірткі қылмысымен күрестің тиімділігін күшейтуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Спикері.
Бүгін екі оқылымда қаралып, мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мәулен Әшімбаев атап өткендей, білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Заңда жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған құқықтық нормалар қамтылған. Заңмен Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес қосымша білім беру ұйымдары үшін қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жасау тәртібі, онлайн-оқыту түрі және техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарындағы академиялық ұтқырлық қағидаты, сондай-ақ, меншік нысанына қарамастан мектептерде әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету тетіктері белгіленеді. Бұдан басқа, заң арқылы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту саласында қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібі енгізіледі. Заңнан күтілетін нәтижелер білім беру процесінің сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту екенін атап өткен жөн.
«Осы заң бірқатар саладағы құқықтық қатынастарды одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заңда ата-анасынан айырылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалардың жекелеген санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған түзетулер топтамасы қарастырылған. Заң аясында мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласын жетілдіруге арналған жаңа нормалар да бар. Мақұлданған заң балалар үйіндегі бүлдіршіндер санын азайтуға, мектепке дейінгі білім саласын жетілдіруге және еңбек адамдарын дәріптеуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Палата Төрағасы.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржа саудасы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Бұл заңға да депутаттар бастамашы болды. Заң шеңберінде тауар биржаларының қызметі саласындағы реттеудің негізгі мақсаттары мен қағидаттарын айқындау, Үкіметтің, уәкілетті және монополияға қарсы органдардың құзыреттерін кеңейту, тауар биржаларын шағын және микробизнес субъектілері санатынан шығару, тауар биржаларының брокерлері мен клирингтік орталықтарын лицензиялауды енгізу және тағы басқа нормалар көзделген.
«Биржалық сауда және инвестиция жөніндегі заңға сәйкес бірқатар нақты шаралар қарастырылған. Олардың қатарында биржалық саудаға қатысушылардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту және тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік субъектілері қатарынан алып тастау сияқты қадамдар бар. Инвесторлардың заңды мүдделерін қамтамсыз ету шаралары да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, ел аумағындағы инвестициялық қызмет туралы деректерді пайдалану үшін арнайы инвесторлар тізілімі жүргізіледі. Бұл ретте, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тексеру жүргізу туралы шешімдері прокурормен міндетті түрде келісілгеннен кейін ғана қабылданады», – деді Сенат Спикері.
Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Андрей Лукин университеттердегі әскери кафедраларда берілетін білім сапасына алаңдаушылық білдірді. Сенатор әскери кафедра оқытушыларының біліктіліктері олардың мамандықтарына міндетті түрде сәйкес болуын заңнамалық тұрғыдан бекітуді, сондай-ақ, қазақстандық студенттерді өздері оқып жүрген шетелдік азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында оқыту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Амангелді Нұғманов шағын және орта сектордың өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін коммуналдық қызметтердің тарифтік саясатын қайта қарау қажет екеніне назар аударды.
Нурия Ниязова соғыс ардагерлері туралы электрондық деректер базасын құрудың маңызды екенін атап өтті. Сенатор мұндай мәліметтер базасы әзірдеу болашақ ұрпақ үшін тарихи сананы сақтау жолындағы маңызды қадам деп есептейді.
Ғалиасқар Сарыбаев Үкіметтің назарын авиациялық инфрақұрылымның негізгі проблемаларына аударды және оларды шешуге арналған бірқатар нақты шара ұсынды.
Ернұр Әйткенов академик Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың инфрақұрылымдық жағдайына және ондағы жабдықтардың тозуына назар аударып, алаңдаушылық танытты.
Геннадий Шиповских әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлерін алаңдатқан түйткілдерге тоқталды. Бұл қызметке қажетті мәртебе беру және оны техникалық тұрғыдан күшейту үшін қаржыландыруды ұлғайтқан жөн. Депутаттың пікірінше, аталған мәселені оң шешу үшін осындай бастамалар қажет.
Руслан Рүстемов қазақстандық кинода қолданылатын және қазақ тілінің тазалығына қауіп төндіретін жаргондар мен сленгтерге наразы екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, мұндай үрдіс жастардың бойында ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруға және қазақ тілін дамытуға кері әсерін тигізеді.