Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Сенаторлар Президенттің Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату туралы ұсынуын қарады

13-10-2023, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату туралы Мемлекет басшысының ұсынуын қарады. Сондай-ақ отырыста күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, бірқатар депутаттық сауал жолданды.

Ел Президентінің ұсынуын қарау нәтижесінде Сенат депутаттары Сембек Баймахановты, Өміртай Ыбраевты және Ұлбосын Сүлейменованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.

Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.

Құжат нормаларына сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделіп отыр. Заңның негізгі мақсаты – балаларға өздерінің арнайы шоттарына аударылатын қаржылай жинақ арқылы мемлекет тарапынан қолдау көрсету. Жиналған қаражатқа тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе жинақтау арқылы білім алуға мүмкіндік беріледі.

Сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда, қарау барысында Палата депутаттары бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған байланысты сенаторлар заңды 10 түзетумен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

«Мемлекет басшысы 2024 жылдың қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балаларға аудару міндетін жүктеді. Бүгінгі заң осы тапсырманы орындау үшін Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Ұлттық табысты әділ бөлуге бағытталған бұл бастама – Әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Сенат енгізген түзетулер құжаттағы жекелеген ережелерді одан әрі жетілдіруді көздейді. Алдағы уақытта осы заң өскелең ұрпақты қолдау бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды. Бұл құжат осы саладағы заңнамаларды одан әрі жетілдіруге арналған.

Мақұлданған заңның нормалары мемлекеттік органның оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату нысандарының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту жөніндегі құзыретін белгілейді. Бұл оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау, кәдеге жарату нысандарында күзет және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесінің тиісті ұйымдастырылуын айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен олардың құрамдас бөліктерін сатып алу рәсімін оңайлату және оларды мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы іске асыру ұсынылады. Бұл қару-жарақ пен әскери техниканы жедел қалпына келтіру үшін маңызды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» заңына Қазақстан Республикасының әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған және әдебиет бойынша Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған адамдарға «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағын беру жөнінде толықтырулар енгізілді.

Отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Андрей Лукин қала құрылысы саласындағы кемшіліктерді атап өтті. Сенатордың пікірінше, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті бақылауды тиісті деңгейде жүргізбей отыр.

Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысындағы инфрақұрылым мәселелеріне назар аударып, «Талдықорған-Үшарал» газ құбырына, «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолын салуға, электр желілеріне қатысты түйткілдерді және басқа да проблемаларды тілге тиек етті.

Бибігүл Жексенбай жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық деңгейде халық суретшісі және ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Хакімжан Наурызбаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуді ұсынды.

Жанболат Жөргенбаев Алматы облысының ауылдарында ауыз су тапшылығына алаңдаушылық білдірді. Сенатордың айтуынша, Нұра тобының «Алатау» су құбырын республикалық су құбырынан коммуналдық меншікке беру жағдайдың оң шешілуіне ықпал етуі мүмкін.

Закиржан Кузиев ҚТЖ отандық және шетелдік жүк жөнелтушілер мен тұтынушылар жеке қазақстандық экспедиторлық компаниялардың қызметінен бас тартуға мәжбүр болатын жағдайларға жол беретініне наразылық білдірді.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив