Абай облысында екі айда 10 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

Абай облысында қыркүйек-қараша айлары аралығында өтіп жатқан «Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 9 820 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әсет Өтепов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда тәртіп сақшылары өңірдегі тұрғын үйлердің 46 % аралап шыққан. Нәтижесінде 41 мыңнан астам пәтер мен 61 мыңнан аса жеке үй қамтылып, шаруа қожалықтары мен қыстақтардың 57 % тексерілген.
Сонымен қатар, спикердің баяндамасына сәйкес облыс аумағында 29 наркограффити анықталып, оның төртеуі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Оның барысында өңірдің 700-ге жуық тұрғынына мобильді қосымшалар арқылы онлайн-кредиттерді бұғаттау бойынша көмек көрсетілген.