Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай1°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-4°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау-3°С
  • Курчатов10°С
  • Көкпекті-4°С
  • Үржар-0°С
537.77 622.95 6.65

Жасанды интеллект және цифрлық теңге: Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күресте жаңа құралдар пайдалануда

7-10-2025, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады.

Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша көлеңкелі экономиканың деңгейі 2023 жылдан бері 0,9 пайыздық тармаққа төмендеп, 16,7%-ды құрады. Әсіресе ішкі сауда, білім беру, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда айтарлықтай жақсару байқалады. Десе де мұндағы мәселелер әлі де болса өзектілігін жоғалтқан жоқ, осы ретте Қаржы министрлігі оларды шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

«Биылғы қаңтар айында біздің ведомство көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі негізгі мемлекеттік орган ретінде айқындалды. Осыған байланысты, жаңа тәсілдер әзірленіп, мемлекеттік органдар үшін бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Мемлекеттік органдардың даму жоспарында KPI бойынша жетістіктерді бағалау тетіктері мақұлданды. Мемлекеттік органдардың көпшілігінің ережелеріне жетекшілік ететін саладағы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөнінде функция қосылды. Көлеңкелі экономика деңгейі неғұрлым жоғары салалар үшін Жол карталары әзірленді. Бұл қадамдарды қадағалау үшін Ұлттық экономика министрлгі және Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігімен бірлескен жұмыстар атқарылуда», — деді ол.

Қаржы министрлігі экономиканы көлеңкеден шығару үшін жасанды интеллект пен цифрлық теңгені пайдалануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Мәди Такиев баяндады. Оның айтуынша, жобаның негізгі өзегі мол деректер ауқымын талдап, салық төлеуден жалтару схемаларын анықтау және салық төлеушінің цифрлық бейінін қалыптастыру мақсатында жасанды интеллект құралдарын пайдаланатын Smart Data Finance жүйесі болып отыр. Қазіргі уақытта оған 74 дерек көзі қосылған, жыл соңына дейін мемлекеттік органдармен, екінші деңгейлі банктермен және ұйымдармен тағы осындай 30 интеграция жүргізу жоспарланған.

«Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес секторында салықтарды барынша аз төлеу және төлеуден жалтару схемалары әлі де сақталып қалып отыр. Мысал үшін, бір заңды мекенжай бойынша бірнеше компанияны тіркеу белең алған. Деректерге сәйкес, тек 3,5 мың мекенжайда 20 мыңға жуық компания тіркелген, олардың салықтар бойынша берешегі 60,4 млрд теңгені құрады. Қазір іс жүзіндегі қызметін анықтау үшін салықтық тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ көптеген кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы да үлкен мәселе болып тұр. Бұл ел бюджетіне түсетін салықтар сомасының төмендеуіне тікелей әсер етеді. Азаматтардың кәсіпкерлерден фискалдық чек талап ету бойынша мәдениетін көтеруге ерекше назар аударған жөн, өйткені бұл, бірінші кезекте, олардың тұтынушылық құқықтарын қорғауға жатады. Мәселен, 2024 жылы 402 мыңға жуық чек бермеу дерегі тіркелді, бұл – есепке алынған бақылау-кассалық машиналардың жалпы санының 39%-ы. Сонымен қатар, 16,7 мың бақылау-кассалық машина POS-терминалдар мен QR-төлемдер бойынша түсімдер болғанымен чек бермеген. Бір ай бойы күн сайын тек бір ғана чек шығарып келген немесе түсімнің бірдей сомасын көрсетіп келген 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды. Айта кету керек, тиісті жұмыстар нәтижесінде биыл жағдай өзгерді және заң бұзушылықтар азайып келеді. Осы жылы 400 мың кассаның ішінен 70 мың кәсіпкер чек бере бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Осылайша, жоғарыда келтірілген цифрлық шешімдерді енгізу аталған фактілерді жедел анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Өз сөзінде Мәди Такиев салықтық әкімшілендірудегі жаңа сервистерді бөліп көрсету қажеттігін атап өтті. Мәселен, электронды шот-фактуралар беру кезінде биометриялық жеке басын анықтау талабының енгізілуі 33 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазу әрекетінің алдын алған. Е-таңба жобасы арқылы енгізілген автоматтандырылған қадағалау жүйесі ҚҚС теңгерімін тексеруге және «сұр» схемаларды ерте бастан анықтап, жолын кесуге мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде 250 млн электрондық шот-фактура және 500 млн төлем өңделді. Жоба нәтижесінде бюджетке жылына 100 млрд теңгеге дейін түсім түседі деп күтілуде. Одан бөлек 2024 жылдан бері Ұлттық Банкпен бірлесіп «Цифрлық қосылған құн салығы» пилоттық жобасын жүзеге асырылуда. Цифрлық теңгемен есеп айырысу ақшаны көлеңкеге жасыру жолын бұғаттап, барлық жеткізу тізбегін ашық етеді.

«Қаржы министрлігі акцизделетін тауарлардың көлеңкелі айналымына қарсы жүйелі шаралар ретінде таңбаланған тауарларды өткізуге қойылатын талаптарды қатаңдатты және таңбалау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастыру туралы бастама көтерді. Мәселен, 2025 жылдың 9 айында 1 млн литрден астам алкоголь, сомасы шамамен 4 млрд теңге болатын 6,6 млн темекі қорабы және 55,6 мың тонна болатын мұнай өнімдері тәркіленді. Тексерістер нәтижесінде есептен тыс қалған 7 млрд теңгеден астам акциз қайтадан есептелді. Жалпы салмағы 152 келі болатын есірткі заттарын әкелудің 55 фактісінің жолы кесілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін цифрландыру кедендік әкімшілендіру саласына да қарқынды түрде енгізілуде. ЖИ-технологияларды инспекциялық-қарап тексеру кешендерінде пайдалану дұрыс декларацияланбаған тауарларды анықтауға мүмкіндік беріп, кедендік бақылаудағы адами факторды барынша азайтады», — деді ол.

Оның айтуынша, SmartCargo платформасы арқылы теміржол және әуе тасымалдары бойынша алдын ала ақпарат алып, кейіннен декларацияларды автоматты түрде шығару үшін ол деректерді «KEDEN» ақпараттық жүйесіне беру жоспарлануда екен. Бұл өзара іс-қимылдың қағазсыз форматына көшуге және кедендік рәсімдерден өту уақытын қысқартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және тиісінше көлеңкелі операцияларды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2024 жылғы 1 қаңтардан бері Мемлекеттік кірістер комитеті валюталық бақылау органдарының бірі болып бекітілді.Соған сәйкес, жыл басынан бері 173 әкімшілік материал бойынша сомасы 5,9 млрд. теңгеге айыппұл салынды. Жалпы сомасы шамамен $1,5 млн болатын декларацияланбаған валютаны әкету фактілерінің жолы кесілді. Сонымен бірге министрліктің барлық комитеттері бюджет қаражатының нысаналы пайдаланылуына жүйелі мониторинг жүргізуді мақсат етіп қойған. Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бюджет қаражатының қозғалысына пирамидалық талдау жүргізуде.

«Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенде бюджеттік кредиттер мен субсидияларды мақсатына сай пайдаланбау, яғни мәмілелерді растамастан мал мен жабдықтар сатып алуға кредит беру; қаражатты мақсатына сай пайдаланбау, кредиттерді депозиттерге орналастыру фактілері анықталды. Мысал үшін "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша 2 мыңға жуық қарыз алушы 13 млрд теңге несиесін ауыл шаруашылығын дамытуға қатысы жоқ мақсатқа жұмсағанын айтуға болады. Мемлекет қаражаты сұлулық салондарын, сауналар мен мейрамханалар, дүкендер ашуға жұмсалған. Бірқатар жағдайда инвестициялық жобаларды дамытуға берілген кредиттер түпкі мақсатқа қол жеткізбей пайдаланылған. Айталық Батыс Қазақстан облысында 2 млрд теңгеге мал мен жабдықтар сатып алынбаған, ал Алматы облысында төмен пайызбен 1 млрд теңге бюджеттік кредит алған қарыз алушы оны депозитке салып, 80 млн теңге пайда тапқан. Осыған байланысты, оны тек нақты өндірілген өнім үшін бере отырып, мемлекеттік қолдау шаралары жүйесін қайта қарау орынды деп санаймыз. Мемлекеттік қолдау шараларын бақылаудың ақпараттық жүйесі Қаржы министрлігінде жүзеге асырылды», — деді Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев.

Көлеңкелі экономикамен күрес жөніндегі өзінің баяндамасында ол бюджет қаражатын пайдалануға жүйелі түрде жүргізілетін мониторинг туралы айтты. Мәселен, елімізде жүктердің қозғалысын қадағалау үшін «Цифрлық жібек жолы» жобасы енгізіледі. Оның шеңберінде барлық жүк тасымалын қадағалап отыруға арналған бірыңғай логистика картасы жасалады. Жоба жүктердің қозғалысына байланысты негізгі деректерді визуализациялауға, жолдар мен бекеттердің жүктемесін анықтауға, республикадағы жол инфрақұрылымын дамыту үшін қосалқы сервистерді талдауға бағытталған. Картада кеден бекеттері, автожанармай құю стансалары, уақытша сақтау қоймалары, бақылау аркалары мен төлем алу пункттері және тағы да басқалар цифрландырылатын және геопозицияланатын болады. Бұл бақылаудың қосымша деңгейін қамтамасыз етіп, мәлімделген маршруттан ауытқуларды және ықтимал жалған транзитті анықтауға көмектеседі.

«Өз баяндамамның соңында елдегі көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету үшін мынадай шараларды жүзеге асыруды ұсынамын. Бірінші, салалық министрліктерде цифрландыруды және өзара ақпарат алмасуды күшейту. Екінші, тасымалдаушылар үшін өткізу пункттері мен ілеспе инфрақұрылымды дамытуды жалғастыру. Үшінші, мемлекеттік сатып алу саласына және экономиканың көлеңкеге ақша жасыру тәуекеліне ұшыраған басқа да секторларға Цифрлық теңгені кеңінен енгізу», — қаржы министрі Мәди Такиев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив