Ел болашағына егілген үміт дәні: «Halyk орманы» жобасының алғашқы кезеңі басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс» деп атап өткен болатын. Осы мақсатқа сай, Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының қолдауымен табиғатты қорғауға бағытталған «Halyk орманы» жобасы алғашқы қадамын басты.
Биыл 16 қыркүйекте Halyk қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Жобаға 1 млрд теңге бөлініп, 5 жыл ішінде Абай облысы, Іле Алатауы және «Жасыл аймақта» орман алқаптары қалпына келтіріліп, 4 миллионнан астам қарағай көшеті отырғызылады. Нәтижесінде мыңдаған гектар жер жасыл желекке оранып, елдің экологиялық ахуалы жақсара түспек.
Алғашқы кезең Абай облысындағы «Семей орманында» бастау алды. 2023 жылы алапат өрттен зардап шеккен бұл өңірді қайта жасыл желекке айналдыру – жобаның басты мақсатының бірі. Биыл күзде 200 гектарға 810 мың қарағай көшеті отырғызылып, табиғатқа жаңа тыныс берілді. Осынау игі іске 1000-нан аса ерікті атсалысып, туған жерге деген сүйіспеншілігін еңбегімен дәлелдеді.
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры Қазбек Аметов орманның өркендеуіне атсалысып жатқандарға алғыс айтты.
Ал Halyk қорының директоры Сағынбек Шүңкеев жобаның Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалысына қосатын сүбелі үлесі туралы айтты.
Айта кетейік, «Halyk орманы» – қордың жүйелі экологиялық бастамаларының заңды жалғасы. Бұған дейін 2025 жылы көктемде іске қосылған «GreenAct» экочелленджі қоғамда үлкен қолдау тауып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларына жол ашқан еді. Бұл жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.