Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай1°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-4°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау-3°С
  • Курчатов10°С
  • Көкпекті-4°С
  • Үржар-0°С
537.77 622.95 6.65

Атырау облысы «Абайға құрмет» акциясына өз үлесін қосады

10-10-2025, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Абай облысына жұмыс сапарымен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бастаған делегация келді.

Меймандар әуелі Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын аралап, құнды жәдігерлермен танысты. 1940 жылы ашылған мәдени нысанның облыс аумағында 9 бөлімі жұмыс істейді. Музей қорында 22 мыңнан астам жәдігер бар.

Облыс әкімі Берік Уәли осы жерде қонақтарға «Semey Smart City» шағын ауданының құрылыс жобасын таныстырды. Қаланың солтүстік шығыс бөлігінде орналасқан жаңа ауданда 75 мың тұрғынға арналған тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтеретін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің бірнеше өңірі Семей қаласында бір нысан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Маңғыстау облысы Достық үйінің іргетасын қалады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы Келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы рәміздер алаңын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағажайын абаттандыруды жоспарлап отыр.

«Қазіргі таңда барлық облыстарымыз «Абайға құрмет» акциясына өздерінің ықыластарын білдіріп, үлес қосып жатыр. 1100 гектар аумаққа жаңа ықшам аудан салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Семейдің жаңа келбеті болады», - деді аймақ басшысы.

Атырау облысының әкімі Президент бастамасына Атырау облысы да өз үлесін қосатынын жеткізді.

«Президентіміз тарихи шешім қабылдап, 25 жылдан кейін облысты қайта жаңғыртып, Абай атамыздың атын берді. «Абайға құрмет» акциясына Атырау облысы да атсалысады. Семейдің өркендегені, Абай облысының өскені еліміздің дамығаны деп айтуға болады», – деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар делегация мүшелері Семей қаласындағы «Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов» музейін, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесін, Абайдың музей-үйін және Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей үйін аралады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив