ЭЫДҰ су бағдарламасының жетекшісімен кездесті

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев Шығыс Еуропадағы, Кавказдағы және Орталық Азиядағы су мәселелері бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бағдарлама жетекшісі Мэттью Гриффитс мырзамен кездесу өткізді.
Тараптар 2026 жылы Қазақстанда өткізілуі жоспарланған Орталық Азияның өңірлік экологиялық саммитін дайындауды қоса алғанда, табиғи ресурстарды орнықты басқару, су қауіпсіздігі және климаттық бейімделу саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Министр саммиттің негізгі серіктестерінің бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) екенін айтты. Іс-шара бағдарламасы аясында сегіз тақырыптық бағыт қарастырылған, олардың бірі табиғи ресурстарды тұрақты басқаруға және су қауіпсіздігі мәселелеріне арналған.
Саммитте Каспий және Арал теңіздерін, трансшекаралық суларды және су инфрақұрылымына инвестицияларды қоса алғанда, су ресурстары мәселелеріне арналған арнайы сессия өткізу жоспарлануда.
Кездесу соңында Министр Гриффитс мырзаны Қазақстандағы 2026 жылғы өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды.