Оқушылар Ұлттық қорғаныс университетінің технологиялық паркінің мүмкіндіктерімен танысты

Республика күні қарсаңында ҚР Ұлттық қорғаныс университеті оқушыларды күзет ротасы мен әскери-ғылыми взвод сарбаздарының қызмет ету шарттарымен таныстырып, іс-шара өткізді.
Оған Қадыр Мырза Әли атындағы № 88 мектеп-лицейдің 8-10 сыныптарының 50-ге тарта оқушысы қатысты.
Сарбаздардың қызметі мен тұрмыс жағдайымен танысу мақсатында келген жасөспірімдерге арнап экскурсия ұйымдастырылды. Оны рота командирі аға лейтенант Жасұлан Есентай өткізді. Оқушыларға модульдік казармалар, әскери киім үлгілері, спорт алаңы көрсетілді. Онда балалар сарбаздармен белтемірге тартылудан жарысып, үстел теннисін ойнады.
– Біз үшін жастарды қызықтыру, қызмет барысында сарбаздардың қорғаныс мүддесі үшін қандай әзірлемелермен айналысатынын көрсету маңызды. Армияның ішкі тынысын көрсету – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рух пен әскери мамандыққа деген қызығушылықты қалыптастырудың ең жақсы тәсілі, – деп атап өтті аға лейтенант Ж. Есентай.
Іс-шараны ұйымдастырушылар оқушыларға атыс қаруының құрылымы және онымен жұмыс істеу ережелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Содан кейін оларға Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын бөлшектеу және құрастыру бойынша нормативті орындап көрсетті.
Оқушыларға барлау аппаратының қалай ұшатыны іс жүзінде көрсетілді. Технологиялық парктің зерттеу қызметінің бастығы полковник Жарқын Қабдолда балаларға барлау дронының техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктерін айтып берді. Дрон «Айбалта» оқу-жаттығуында барлау және сауытты машиналар мен жаяу әскерлерге жасалған шабуылдарды тойтару мақсатында қолданылған. Дронды басқару қашықтығы модификацияға байланысты 3-тен 10 шақырымға дейін жетеді. Ал сол сәттегі оның жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін барады.
Оқушылар технологиялық паркте де болды. Онда әскери-ғылыми взводтың әскери қызметшілері қорғаныс технологиялары саласындағы жобаларды іске асыруда.
– Қазір біз әскери бөлімге кіруді бақылау үшін Face ID жүйесіне жасанды интеллект енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әзірлеу шығындарды қысқартуға және бөлімше қызметінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді әскери-ғылыми взвод IT-бөлімшесінің сарбазы қатардағы жауынгер Қуанышбек Сағынғалиев.
Кездесу барысында оқушылар сұрақтар қойып, оларға мамандардан толық жауап ала алды. Мұндай іс-шаралар әскерге шақырылғанға дейінгі жастардың әскери мамандыққа деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді, заманауи технологиялар мен қорғаныс саласындағы ой-өрісін кеңейтеді.