Digital Bridge 2025 аясында Meta Llama Accelerator жеңімпаздары жарияланды

Digital Bridge 2025 халықаралық форумының алаңында Meta компаниясымен серіктестікте жүзеге асырылған жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған алғашқы акселерациялық бастама - Meta Llama Accelerator бағдарламасының жеңімпаздары анықталды.
Бағдарламаны ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Meta корпорациясы және Blockchain & AI Technology Center зерттеу институтымен бірлесіп іске қосты. Мақсаты - мемлекеттік құрылым мен бизнеске жасанды интеллектіні енгізіп жүрген талантты IT-мамандарды, IT шешімдерді әзірлеушілерді, стартаптарды қолдау.
«Біз үшін бұл бағдарлама мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін дәлелдеді. Бизнес, мемлекет және әзірлеушілер бірігіп күш салғанда, нақты шешімге айналатын идеялар туады. Акселераторды іске асыру Astana Hub, NITEC, Astana Innovations және Steppe қолдауымен, сондай-ақ Amazon Web Services сияқты технологиялық алыптардың қатысуымен мүмкін болды. Бүгін біз осы бірлескен жұмыстың нәтижелерін зор мақтанышпен ұсынамыз», - деді Meta компаниясының аймақтық мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Азиз.
Meta Llama Accelerator аясында қатысушылар Meta-ның халықаралық сарапшыларынан менторлық қолдау алып, заманауи есептеу инфрақұрылымына қол жеткізді: Llama және локализацияланған KazLLM сияқты ашық ЖИ модельдерімен жұмыс істеуді үйренді, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнеске арналған нақты кейстер бойынша шешімдер әзірлеу мүмкіндігіне ие болды. Финалдық жобалар инвесторлар мен мемлекеттік сектор өкілдері қатысқан Demo Day барысында таныстырылды.
Meta Llama Accelerator жеңімпаздары:
- CyberLLM - AstanAI жобасымен: мемлекеттік органдарға арналған интеллектуалды жүйелер құрушы қазақстандық стартап. Шешім құқықты, қоғамды және жауапкершілікті түсінетін тілдік модельдерді пайдалануға көмектеседі.
- AI Enjoyers - Baiterek Guide: Астананы зерттеуге арналған жеке AI-компаньоны.
- BizAI - Aqyl Jol жобасымен: жол қозғалысы мен коммуналдық техниканы басқаруға арналған AI жүйесі.
- TOU - Neuro News: жаңалық, медиа саласындағы редакциялық процестерді автоматтандыру.
- True Masters - TanymLoop: мемлекеттік және корпоративтік ұйымдарға арналған RAG-интеллектуалды жүйе, жауаптардың дәлдігі -90% дейін, пайдаланушымен кері байланыс негізінде үздіксіз үйреніп, жүздеген жұмыс сағатын үнемдейді.
«Бұл біз үшін әлеуетімізді көрсетіп, ірі ұйымдармен жұмыс істеуге берілген мүмкіндік. Акселератор аясында төрт негізгі кезеңді жүзеге асырып, шешімімізге ірі мемлекеттік ұйымнан апробация алдық. Алдағы уақытта ынтымақтастықты кеңейтіп, серіктестер санын арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді True Masters стартапының CEO Темірлан Мукатаев.
Meta Llama Accelerator бағдарламасы Қазақстанның технологиялық көшбасшылығын нығайтуға септеседі. Ол мемлекет, бизнес, инновациялық қауымдастықты біріктіретін тұрақты AI экожүйесін дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Еске сала кетейік, Digital Bridge 2025 халықаралық форумы 2–4 қазан аралығында Астанада өтті. Бұл - технология және жасанды интеллект саласындағы Орталық Еуразиядағы ең ірі шара, онда әлемдік индустрия көшбасшылары, инвесторлар, сарапшылар мен стартаптар бас қосты.
Форумның ұйымдастырушылары - Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Астана қаласының әкімдігі.
Айта кетейік, биылғы форум серіктестер мен демеушілер қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылды. Форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan – цифрлық қаржылық өнімдер мен қызметтерді ұсынатын инновациялық банк. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan және «Қазақтелеком» АҚ. Күміс серіктес – «Транстелеком» АҚ. Қола серіктестер – BI Group, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, Еуразиялық банк, Ozon, «Теңізшевройл» ЖШС. Инновациялық серіктес – inDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.