Қазақстан АЭХА-ның термоядролық энергия жөніндегі Екінші министрлік отырысында сөз сөйлегендердің тізімін бастады

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) термоядролық энергия жөніндегі тобының Екінші министрлік отырысына қатысты. Іс-шара термоядролық энергия жөніндегі 30-шы Халықаралық конференция аясында өтті.
АЭХА Хатшылығы айқындаған алдын ала сөз сөйлеу тәртібіне сәйкес, ұлттық делегациялар арасында алғашқы болып сөз Қазақстанға берілді. Бұл елдің бейбіт атом энергетикасын дамыту, ғылыми зерттеулер мен перспективалы энергетикалық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтағы рөлін мойындаудың айғағы болды.
Өз сөзінде делегация басшысы іс-шараны ұйымдастырушылар мен серіктестерге АЭХА-ға, Қытайдың атом энергиясы жөніндегі басқармасына (CAEA), Сычуань провинциясының халық үкіметіне, сондай-ақ демеушілерге Чэнду қаласы халық үкіметіне және Қытай ұлттық ядролық корпорациясына (CNNC) форумды өткізгені үшін алғыс білдірді. Форум тәжірибе алмасу мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды.
Қазақстан мен АЭХА-ны бейбіт мақсатта атом энергиясын пайдалану, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті арттыру, сондай-ақ энергетика саласында инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы көпжылдық әріптестік байланыстырады.
Қазақстан басқарылатын термоядролық синтез саласындағы өз жетістіктерін ұсынды, оның ішінде Курчатов қаласындағы «Материалтану жөніндегі қазақстандық токамак (КТМ)» зерттеу кешенінің қызметін атап өтті. Бұл қондырғы болашақ термоядролық реакторларға арналған озық материалдарды сынауға және халықаралық бағдарламаларға, соның ішінде ITER жобасына қатысуға мүмкіндік береді.
«Біз Қытай мен басқа да елдердің жетекші ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз. Материалтану жөніндегі қазақстандық токамак термоядролық энергетика саласында ғалымдардың күш-жігерін біріктіру және бірлескен халықаралық жобаларды дамыту платформасына айнала алады», - деп атап өтті Сәтқалиев.
Қазақстан Қытай Халық Республикасының және АЭХА-ның басқарылатын термоядролық синтез саласындағы халықаралық жобаларды ілгерілетуге бағытталған бастамаларын қолдайтынын және бірлескен зерттеулерді тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Қорытындысында термоядролық синтез саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың әлемдік ғылыми қауымдастықтың ұжымдық жетістігінің символына және адамзаттың жаһандық энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамға айналуы тиіс екені атап өтілді.