Еңбек министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері Эксперттік кеңестің кезекті отырысында талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері жөніндегі Эксперттік кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа кеңес төрағасы Әлихан Бәйменов пен ведомство басшысы Светлана Жақыпова қатысты. Басты тақырып – ұлттық зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты ұсынылып отырған тәсілдер болды.
Отырысты ашқан Әлихан Бәйменов қатысушыларды құттықтап, әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты – зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру мәселесі жан-жақты талқыланып жатқанын жеткізді. Ол бұл үдерісте сараптамалық көзқарас пен жүйенің тұрақтылығы мен әділдігін арттыруға бағытталған келісілген шешімдердің маңызын ерекше атап өтті.
Бұған дейін хабарланғандай, Еңбек министрлігі бірлесіп жұмыс істеу үшін ұлттық сарапшылар тобын және мемлекеттік органдардың өкілдерін шақырған болатын. Алдыңғы отырыста сарапшылар ұсынған, актуарлық есептер мен халықаралық тәжірибе талдауына негізделген ұсыныстар жан-жақты қаралды. Талқыланған негізгі мәселелер қатарында: ынтымақты және жинақтаушы компоненттердің арақатынасы, базалық зейнетақыны есептеу қағидаттары, қолданыстағы зейнетақы жарналарының жеткіліктілігі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) мерзімінен бұрын алынған қаражаттың болашақ төлемдерге ықпалы, зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру шаралары және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жинақтаушы жүйеге тарту мәселелері болды.
Бүгінгі отырыста Еңбек министрлігінің өкілдері зейнетақы жүйесін трансформациялау жөніндегі көзқарастарын есептеулер мен болжамдар негізінде ұсынды. Вице-министр Виктория Шегай отырыс қатысушыларын зейнетақымен қамсыздандырудың қазіргі жай-күйі, қолданыстағы модельдің өзекті мәселелері, ұсынылып отырған өзгерістердің қаржылық тұрақтылығына қатысты болжамдар және зейнетақы реформалары саласындағы халықаралық тәжірибе туралы хабардар етті. Ол министрліктің сарапшылар ұсынған көптеген бастамалармен жалпы ұстанымы сәйкес келетінін атап өтіп, Еңбек министрлігі одан әрі конструктивті ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде министр Светлана Жақыпова ведомствоның диалогқа ашық екенін және ұсынылып отырған тәсілдерді тереңірек талдау үшін сарапшылар тобына барлық қажетті есептік деректер мен материалдарға толық қолжетімділік қамтамасыз етілетінін атап өтті. Оның айтуынша, барлық айтылған ескертулер мен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Эксперттік кеңестің келесі отырысында талқылау жалғасатын болады.
Кездесу соңында қатысушылар әлеуметтік-еңбек саясатын жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанда орнықты әрі әділ зейнетақы жүйесін дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.