Мәжіліс «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңды бірінші оқылымда қарайды

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Палатаның талқылауына бірінші оқылымда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және басқа да заңнамалық актілерге тиісті түзетулермен «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы енгізіледі.
Бұл құжатты Үкімет Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты белгілеу мақсатымен әзірледі.
Жаңа заң жобасы қолданыстағы бес заңның нормаларын біріктіреді және бірыңғай профилактика жүйесін құруға бағытталған. Құжат профилактика субъектілерінің тізбесін кеңейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын белсенді азаматтарды ынталандыру шараларын күшейтеді. Алғаш рет қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама даярлауды және уәкілетті органдардың жұмысын бағалауды көздейді. Сондай-ақ оған профилактиканың арнайы және қылмыстың салдарын зерттеу шаралары енгізіледі.
Сонымен қатар депутаттар жалпы отырыста Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы Қазақстан-Ресей келісімін қарайды. Бұл құжатта осы филиалда қазақ, орыс және басқа тілдерде оқыту, білім беру саласындағы міндетті лицензиялау, аккредиттеу және мемлекеттік бақылау, филиалды өзінің және қарастырылған өзге де көздер есебінен қаржыландыру қамтылады.
Бұдан басқа, су ресурстарын тұрақты басқару есебінен халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған 1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау ұсынылады.
Депутаттар бірқатар жаңа заң жобалары бойынша қорытынды дайындау мерзімін анықтауға тиіс. Бұл қатарда «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілген түзетулер, көлік құралдары иелерінің, тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, денсаулықсақтау мәселелері бойынша жаңашылдықтар, сонымен қатар Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісім бар.