Азаматтық авиация академиясы Корея Республикасының жетекші университетімен ынтымақтастық орнатты

Азаматтық авиация академиясы Корея Республикасының Хансео университетімен авиациялық білім беру мен мамандар даярлау саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға (MOU) қол қойды.
Құжатта академиялық алмасулар, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары, сондай-ақ ұшу даярлығы, әуе қозғалысын басқару, авиациялық техниканы техникалық қызмет көрсету, авионика және ұшу қауіпсіздігі бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту көзделген. Бұл келіссөз Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметов бастаған делегация Хансео университетінің кампусында болған кезінде өтті.
Кездесу барысында Авиация факультетінің проректоры, PhD докторы Хан Сок Чжон (CCSP, FCBP) және университет өкілдерімен пікір алмасу жүргізілді. Тараптар сонымен қатар білім беру процесіне ұшқышсыз авиациялық жүйелер (ҰАЖ) мен жасанды интеллект саласындағы инновациялық технологияларды енгізу мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ Академия делегациясы Тэан авиациялық кампусымен танысып, оқу-аэродромын, диспетчерлік мұнараны, тренажерлік орталықтарды және техникалық ангарларды аралады. Хансео университетінің өз меншігінде 52 оқу ұшағы (Diamond, Cessna 172) бар және ол ұшқышсыз авиация бағытын белсенді түрде дамытып келеді.
Меморандумға қол қою Академияның халықаралық байланыстарын кеңейтудегі маңызды қадам болып, Корея Республикасының жетекші авиациялық жоғары оқу орындарының бірімен кәсіби ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашты.