Cемей-6°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
539.56 627.35 6.84

Ербол Мырзабосынов Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президентімен кездесті

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанға ресми сапармен келген Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банькамен кездесті. Бұл – WADA басшысының елімізге жасаған алғашқы сапары.

Кездесу барысында тараптар допингке қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған білім беру бағдарламаларын күшейту, зертханалық бақылау тетіктерін жетілдіру және спорт қауымдастығы арасында «таза спорт» қағидаттарын кеңінен насихаттау мәселелерін талқылады.

Ербол Мырзабосынов Қазақстан адал бәсекелестік қағидаттарын ұстанатынын және допингке қарсы білім беру жүйесін белсенді дамытып келе жатқанын атап өтті.

«Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен ынтымақтастық біз үшін стратегиялық маңызға ие. Біз адал спорт мәдениетін қалыптастыруға, халықаралық стандарттарды нығайтуға және үздік тәжірибелерді енгізуге ерекше көңіл бөлеміз. Қазақстан допингке қарсы профилактика мен білім беру бағдарламаларын қолдап қана қоймай, оларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді», – деді министр.

Сондай-ақ министр елімізде 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық допингке қарсы орталықтың (ҰДКО) Азиядағы ең дамыған ұйымдардың бірі екенін және оның WADA тарапынан тұрақты түрде аудиттен өтіп тұратынын атап өтті. Орталық жыл сайын спортшылар, жаттықтырушылар және спорт федерациялар өкілдері үшін мыңдаған іс-шаралар мен семинарлар өткізеді, тестілеулер жүргізеді және WADA аккредиттеген зертханалармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

WADA президенті Витольд Банька қазақстандық тарапқа ашықтығы мен жоғары деңгейдегі серіктестігі үшін алғыс білдіріп, еліміздің спорт саласында айқындық пен жауапкершілікті қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін атап өтті.

Сапар аясында WADA делегациясы спорт федерацияларының, Ұлттық олимпиадалық комитеттің өкілдерімен, спортшылар және студенттермен бірнеше кездесу өткізіп, елордадағы жетекші спорт нысандарына баруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Қазақстан 2009 жылы ратификацияланған ЮНЕСКО-ның спорттағы допингке қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенциясының қатысушысы болып табылады және жыл сайын WADA қорына міндетті жарна төлей отырып, адал спорттың халықаралық стандарттарына адалдығын растап келеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив