Республикалық маңызы бар «Қалбатау–Майқапшағай» жолы ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында бүгін республикалық маңызы бар, ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау–Майқапшағай» автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы ашылды.
Күре жолдың ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасы Дархан Иманашев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров, Ұлықбек Тұмашинов, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай қатысты.
Аймақ басшысы бұл жолдың өңір тұрғындары үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның стратегиялық маңызына тоқталды.
Жол құрылысы Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінің қаражаты есебінен және республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды. Жоба жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын 10 учаскені және 2 жол пайдалану учаскесін қамтиды. Оның ішінде 184 шақырымы – Абай облысының, 231 шақырымы – Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Жобаны іске асыру барысында 8 асфальтбетон зауыты, 1100 бірлік жол-құрылыс техникасы, 1800-ден астам маман жұмылдырылды. 5 демалыс алаңы, 37 көпір, 2 жол өтпесі, 349 су өткізу құбыры және демалыс аймақтарында 2 санитарлық-гигиеналық торап салынды.
Биыл Абай облысында көліктік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалпы ұзындығы 408 шақырым болатын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге түрлі деңгейдегі бюджеттерден қаржы бөлінді. Облыстық маңызы бар 109 шақырым жолдың жеті учаскесінде, аудандық маңызы бар 130 шақырым жолдың 14 учаскесінде және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 63 шақырым елді мекен көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Семей қаласында 52 көше, Курчатовта 42 шақырым жол қайта жаңартылуда.