Қорғаныс министрі тұрғын үй заңнамасын жетілдіру қажеттігін атап өтті

Астанада авиация генерал-лейтенанты Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың төрағалығымен «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты ведомствоаралық кеңес өтті. Қорғаныс министрлігі ұсынған түзетулер әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жеңілдетуге және оның ашықтығын арттыруға бағытталған.
Талқылауға барлық күштік құрылымдардың, Әділет, Ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің, Бас прокуратураның, Қаржы мониторингі агенттігінің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
– Бүгінгі кездесу «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістерден туындаған өзекті мәселелер бойынша бірыңғай шешім қабылдау қажеттілігіне байланысты ұйымдастырылды. Бұл мәселе тек Қарулы күштерге ғана емес, барлық мемлекеттік органдарға қатысты, – деп атап өтті Қорғаныс министрі өз сөзінде.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қорғаныс министрлігі қызметкерлер мен әскери қызметшілердің қызметтік тұрғын үй алу немесе тұрғын үй төлемдерін иелену құқықтарын сақтайтын түзетулер тетігін әзірлеген. Бұл тетіктер ережелерде нақты көрсетілмек.
– Біз тек қолданыстағы тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін сақтап қана қоймай, оны барынша түсінікті әрі әділ етуді мақсат етудеміз. Артық бюрократияны жоямыз, даулы тұстарды нақтылаймыз, сонда әр әскери қызметші өз құқығын және төлем алу тәртібін анық біледі. Бұл тек әлеуметтік емес, моральдық мәселе, адам ертеңіне сенімді болса, ол қызметін жан-тәнімен атқарады, – деді министр.
Бұдан өзге түзетулер күшіне енгенге дейін барлық төлемдер мен тұрғын үй беру қолданыстағы ережелерге сай жүзеге асырылады.
Әлеуметтік шиеленісті азайту мақсатында министрлік ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Гарнизондарда ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, әскери бөлімдерде кездесулер өткізіп, әскери қызметшілердің сұрақтарына онлайн түрде жауап беруде және жаңа өзгерістерді түсіндіруде.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына жедел қолдау көрсету үшін қауырт желі мен InInstagram-дағы Kz_Army_Shanyraq аккаунты ашылды, онда ең өзекті сұрақтарға жауаптар жарияланып тұрады.