Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
538.53 623.94 6.59

Абай мұрасын дәріптеген жастар жобасы: рухани жаңғырудың жарқын көрінісі

Кеше, 13:10 018.kz

Бүгінгі таңда жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, тарихи жад пен мәдени құндылықтарға терең бойлатудың маңызы күн санап артып келеді. Осы орайда Қауымдастық нысанындағы «Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі қолға алған «Тарих пен мәдениет саласында волонтерлікті дамыту» жобасы – осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған ауқымды бастама.

Жобаны іске асырушы «Даналық» қоғамдық қорының үйлестіруімен бірнеше бағытта маңызды мәдени-ағартушылық шаралар өтті. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл іс-шаралар жастардың тарихи санасын жаңғыртып, Абай әлеміне терең бойлауына жол ашты.

Музеймен меморандум – мазмұнды әріптестікке жол ашты

Жобаның мазмұнын арттыру және ғылыми-танымдық бағытта жүйелі ынтымақтастық орнату мақсатында, «Даналық» қоғамдық қоры мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі арасында меморандум жасалды.

Бұл келісім екіжақты әріптестікке негізделген бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде жастар музей қызметкерлерінің жетекшілігімен Абай мұрасына қатысты экспозициялармен тереңірек танысып, тарихи-мәдени танымдарын кеңейтті.

Бірлесе өткізілген шаралар – ғылыми негізді, әдістемелік тұрғыдан үйлесімді, әрі заманауи форматта жүзеге асқанымен ерекшеленді.

«Ұлылар мекеніне сапар»: Тарихпен тілдескен жастар

Жобаның шымылдығы «Ұлылар мекеніне сапар» атты танымдық экскурсиямен ашылды. Сапар аясында жастар қазақ руханияты мен мәдениетінің алтын діңгектеріне айналған киелі орындарға барды.

Басты бағыттар қатарында Күшікбай асуы, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйі, Сырт Қасқабұлақ – Абайдың туған жері және Жидебайдағы Абай музейі болды

Бұл сапарлар – жастарға тек тарихи мағлұмат беріп қана қоймай, олардың ұлттық сана-сезімін оятуға, туған жердің рухын сезінуге себепші болды. Әсіресе ерікті жастардың белсенділігі жобаның негізгі құндылықтарының бірі ретінде танылды.

Әрбір тарихи орын – өткен мен бүгіннің алтын көпірі іспетті. Осы сапарлар арқылы жас буын тек тарихты көзбен көріп, құлақпен естіп қоймай, жүрекпен сезінді.

«Үздіктер бәйгесі»: Білім мен рухтың тоғысқан тұсы

Мәдени жобаның жалғасы ретінде Абайдың 180 жылдығына арналған «Үздіктер бәйгесі» атты жастар арасындағы интеллектуалды викторина ұйымдастырылды.

Quiz-форматта өткен бұл зияткерлік сайысқа қала жастары, университет студенттері, еріктілер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар Абай шығармашылығы, қара сөздері мен «толық адам» ілімі төңірегінде өз білімдерін сынға салды.

Ойынның басты мақсаты – жастар арасында ойшылдың идеяларын заманауи тәсілмен насихаттау, білім мен тапқырлықты ұштап, рухани өсуге серпін беру.

Викторина соңында жеңімпаздар диплом, алғыс хат және сыйлықтармен марапатталса, қатысушылардың басты олжасы – жүректерінде Абайға деген құрмет пен рухани мақтаныш сезімінің оянуы болды.

Танымдық семинар: «Абай мұрасы – мәңгілік рухани темірқазық»

Абай мұрасын тереңірек тануға бағытталған келесі іс-шара – оқушылар мен студенттерге арналған танымдық семинар болды. Семинар мазмұнына Абайдың өмір жолы, шығармашылығы, «толық адам» концепциясы, әділет пен парасат тақырыптары енді.

Интерактивті форматтағы семинарда жастар тек тыңдаушы емес, белсенді пікірталас қатысушысы болды. Олар Абай ілімінің бүгінгі қоғаммен байланысын нақты мысалдар арқылы көрсетті, ойшылдың идеяларын өз өмірлерімен сабақтастыра отырып ұғынуға тырысты.

Семинардың түйіні ретінде «Абай мұрасы – мәңгілік рухани темірқазық» деген тұжырымға барлық қатысушы бірауыздан келісті. Бұл тек көркем ұран емес, жас ұрпақтың рухани бағдарын айқындайтын тұғырлы ой ретінде ұсынылды.

«Даналық» қоғамдық қоры мен «Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі бірлесе іске асырған бұл жобалар – Абай мұрасын жаңаша зерделеуге, ұлттық мәдениетті заманауи көзқараспен қабылдауға, жастарды қоғамдық өмірге белсенді араласуға бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесі.

Бастаманың ерекшелігі – волонтерлік қызметті тек әлеуметтік көмек көрсету саласымен шектемей, оны тарихи-мәдени, рухани өріске енгізуі. Бұл тәсіл жастарды мәдени мұраға жанашырлықпен қарауға үйретіп, оларды ел болашағына бейжай қарамайтын, парасатты тұлға ретінде қалыптастырады.

Абайды тану – өзіңді тану. Осы ұранмен өткен жобалар – жастардың өзін-өзі тануына, рухани өсіп-жетілуіне, ұлттық болмысты бойына сіңіруіне мүмкіндік берген жарқын мысал.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив