Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
538.53 623.94 6.59

Абай музей-қорығының 85 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Кеше, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

2025 жылдың 22 қазанында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының құрылғанына 85 жыл толуына арналған «Заманауи музейтану: цифрландыру, қолжетімділік және тұрақты даму» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан, Беларусь және Қарақалпақстан елдерінен келген музей саласының мамандары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен Абай музейінің ардагерлері қатысты. Конференция барысында музейтану теориясы мен тарихы, коллекцияларды сақтау мен қалпына келтірудің заманауи әдістері, көрме қызметі мен экспозициялардың жаңа форматтары, музей педагогикасы, музейді креативті индустрия алаңы ретінде дамыту, сондай-ақ цифрландыру, виртуалды экспозициялар мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды.

Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің, Абай облысы әкімінің атынан және еліміздің мәдениет, ғылым саласының белгілі өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.С.Еспенбетов, Л.Н.Толстойдың музей-қорығының директоры Е.К.Толстая, Бердақ атындағы Қарақалпақ әдебиеті тарихы мемлекеттік музейінің директоры, Қарақалпақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Ш.Пайзуллаева, Шәкәрім университеті басқарма мүшесі – ғылым жөніндегі проректор Ж.Қалибекқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары С.А.Мұқатаева бар.

Пленарлық мәжілісте Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы директорының орынбасары М.С.Қайрамбаева «Абай музейі тарихының жылнамасы» атты баяндама жасап, музейдің қалыптасу және даму кезеңдеріне тоқталды. Беларусь елінен келген Янка Купала мемлекеттік әдеби музейінің ғылыми хатшысы Г.Ю.Варёнова өз сөзінде беларусь халқының ұлы ақынының мұрасын сақтау мен дәріптеудегі тәжірибемен бөлісті. Әдебиеттанушы-философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шәкәрім университетінің Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Т.Қ.Шаңбай «Музей фәлсапасы: генезис және метафизика» тақырыбында ой қозғап, музейдің рухани және мәдени миссиясын философиялық тұрғыда талдады. Сонымен қатар Шәкәрім университетінің «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі А.Т.Смағұлова «Шәкәрім шығармашылығын зерттеуде Абай музейі қорындағы қолжазбалардың дереккөздік құндылығы» туралы баяндаса, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Б.Қ.Байболов «Музей экспозициясын жасақтаудағы негізгі ұстанымдар мен түсініктер» жайлы тәжірибесімен бөлісті.

Конференция аясында қатысушылар музей ісінің өзекті мәселелерін, саланы жаңғыртудың тиімді жолдарын және мәдени мұраны сақтаудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын талқылады. Шараның қорытындысы бойынша музей ісін цифрландыру, креативті индустрияны дамыту және мәдени мұраның қолжетімділігін арттыру бағытында бірлескен ұсыныстар қабылданды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив