Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
461.55 540.38 6.15

Энергетика министрлігі Dominor Partners компаниясымен цифрлық және энергетикалық хаб құру бастамасын талқылады

Бүгін, 18:48 Думан Кенжеғазыұлы

Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Dominor Partners компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, тараптар жетекші технологиялық және инвестициялық серіктестермен бірлесіп инвестициялық жобаны іске асыру бастамасын талқылады.

Келіссөздер барысында Қазақстанда деректерді өңдеу орталығын және AI-инфрақұрылымды құру, сондай-ақ кешенді индустриялық-энергетикалық кластер қалыптастыру мәселелері қаралды. Болашақ цифрлық қуаттарды сенімді энергиямен қамтамасыз ету, желілік инфрақұрылымды дамыту және дәстүрлі әрі жаңартылатын генерация арасындағы теңгерімді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жекелеген бағыт ретінде энергетикалық және электротехникалық жабдықтар өндірісін жергіліктендіру мәселесі талқыланды. Қазақстан тарапы импортқа тәуелділікті азайту және саланың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету үшін ішкі өндірістік және инженерлік құзыреттерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар жобаның ықтимал инвестициялық моделін, оның ішінде мемлекеттік бюджетке жүктеме түсірмей жеке капитал тарту және халықаралық технологиялық серіктестердің қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.

Вице-министр бұл бастаманың цифрландыру, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және заманауи технологияларды енгізу бағыттарының тоғысында тұрған мемлекеттік саясаттың басымдықтарына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаның тұжырымдамасын пысықтау, техникалық параметрлерін айқындау, ықтимал орналастыру алаңдарын белгілеу және бірлескен жұмыс тобын құруды қамтитын өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаласты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив