Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
538.53 623.94 6.59

Қаржылық сауаттылық – экономикалық тұрақтылықтың кепілі

Кеше, 17:04 018.kz

Қаржылай сауаттылық – адамның өз қаржысын тиімді басқару, табысын жоспарлап, жинақ жасай білу қабілеті. Бұл тек табыс табу емес, ақшаны орнымен жұмсай білу мәдениетін білдіреді. Ал қаржылай сауатсыздық, керісінше, артық несие алу, жинақтың болмауы және материалдық қиындықтарға тап болу сияқты мәселелерге алып келеді. Мұндай жағдай жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның әл-ауқатына әсер етеді.

Қаржылық сауатты азамат ертеңгі күнін сеніммен жоспарлап, отбасылық тұрақтылық пен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру – ел дамуы мен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының негізгі кепілі.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, еліміздегі қаржылық сауаттылық деңгейі жылдан жылға артып келеді: 2018 жылы – 36,25%, 2020 жылы – 39,07%, 2021 жылы – 39,52%. Агенттіктің болжамы бойынша, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 43–44%-ке жетпек. Бұл тенденция қазақстандықтардың жеке қаржысын басқаруға деген көзқарасы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде қаржылық сауаттылық – қоғам үшін маңызды тақырыптардың бірі. Табыс пен шығынды дұрыс басқару, жинақ пен инвестицияны тиімді ұйымдастыру адамның өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осы бағытта біз қаржы кеңесшісі Нұржан Бекеновпен сұхбаттастық. Сарапшының айтуынша, қаржылық тұрақтылық табыстың көлемімен емес, оны басқару мәдениетімен анықталады.

Көп адамдар ақшаны тек табыс көзі ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде ақша – адамның таңдау еркіндігін қамтамасыз ететін құрал. Егер біз оны дұрыс жоспарлап, орнымен жұмсай білсек, ол өмірімізді жеңілдетеді. Ал бақылаусыз кетсе, керісінше, тәуелділікке айналады, – дейді Нұржан Бекенов.

Қаржыгердің пікірінше, қаржылық сауаттылық – тек есеп жүргізу емес, адамның өмірге көзқарасын қалыптастыратын мәдениет.

– Қоғамда “ақша – бәрін бұзады” немесе “бай болу – ұят” деген түсініктер жиі кездеседі. Бірақ мұндай көзқарас адамдардың дамуына кедергі келтіреді. Ақшаны игілікке, жақсылыққа жұмсауды үйрену керек. Егер сіз табысыңыз арқылы өзіңізге, отбасыңызға және еліңізге пайда әкелсеңіз – бұл дұрыс бағыт, – деп атап өтті ол.

Сарапшының айтуынша, бай болуға ұмтылу рухани құндылықтардан алшақтау емес, керісінше жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін өмір салты.

– Ақша табу – мақсат емес, құрал. Ең бастысы – оны ақылмен басқару. Бай болу – жамандық емес, егер табысыңмен өзгеге көмек беріп, қоғамға үлес қоссаң. Сондықтан жастар ерте бастан өз қаржысын дұрыс бағытта жұмсауды үйренуі қажет, – деді Нұржан Бекенов.

Маманның айтуынша, қаражатты тиімді басқарудың басты қадамы – табыс пен шығынды нақты есептеп отыру. Күнделікті жоспар құрып, үнемдеу әдетін қалыптастыру – қаржылық мәдениеттің негізі.

– Әр табыстың бір бөлігі міндетті түрде жинаққа кетуі керек. Бұл – ертеңгі күнге сенім ұялатады. Кішкентай сомадан бастау да жеткілікті, ең бастысы – тұрақтылық, – деп қорытындылады қаржы кеңесшісі.

Осылайша, қаржылық сауаттылықты арттыру – әр азаматтың жеке жауапкершілігі ғана емес, елдің экономикалық өркендеуіне бағытталған ортақ міндет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив