Республика күні қарсаңында «Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы аясында «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен республикалық «Quiz» зияткерлік ойыны өтті.
Бұл зияткерлік сайысқа Астана қаласы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген 30 команда қатысып, өздерінің білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды.
Іс-шараның ашылу салтанатында «Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ басшысы Олжас Бейсенбаев қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі.
Нәтижесінде Абай облысының «Квартет» және «Кірпі шешен» командаларының біріккен құрамы жеңімпаз атанып, 300 000 теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды. Екінші орынды Астана қаласының «Кода» командасы иеленіп, 200 000 теңге көлемінде марапатталды. Ал үшінші орын Өскемен қаласының «Асыра сілтеу» командасына бұйырып, қатысушылар 100 000 теңге сыйақыға ие болды. Сонымен қатар «Үздік талпыныс» номинациясы Абай облысының «Ығай мен Сығай» командасына, ал «Үздік студенттік команда» атағы TeachEрлер командасына беріліп, 50 000 теңгеден ынталандыру сыйақысы табысталды.
Зияткерлік ойын жастардың білімге, танымдық белсенділікке және командалық жұмысқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шара барлық қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, интеллектуалды әлеуетті дамытуға жаңа серпін берді.