Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
538.53 623.94 6.59

Абай облысында «Асық ату» федерациясының республикалық турниріне іріктеу кезеңі өтті

Бүгін, 10:26 018.kz

Абай облысы Ұлттық спорт мекемесінің ұйымдастыруымен Абай облысында «Асық ату» федерациясының республикалық турниріне арналған облыстық іріктеу кезеңі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, жастар арасында дәстүрлі ойындарға деген қызығушылықты арттыру және спорттық рух пен ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыру болды. Турнирге облыстың барлық аудандарынан келген 40-қа жуық спортшы қатысып, өздерінің мергендігін, ептілігін және асық ату өнеріндегі шеберлігін көрсетті. Әрбір қатысушы ұлттық дәстүрдің қадір-қасиетін танытып, қазақтың көне ойын мәдениетін жаңғыртуға өз үлесін қосты.

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты ойындармен өрбіді. Нәтижесінде үздік ойыншылар анықталып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бірінші орынды Ақсуат ауданынан келген Қанапиянов Қалдыжан жеңіп алып, үздіктер қатарынан көрінді. Екінші орынды Ақсуат ауданының спортшысы Манарбекұлы Ернұр иеленсе, үшінші орын Ақсуат ауданынан Қадырғалиұлы Айқын мен Семей қаласынан Берікқазы Алинұрға бұйырды.

Іс-шараға «Respublica» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш пен партияның Ақсуат аудандық мәслихатының депутаты, Асық ату федерациясының президенті Жұмат Қайыржан Серікұлы қатысып, қатысушыларды ұлттық мерекемен және спорттық додаға қатысуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде ұлттық мұрамызды ұлықтап, жастар арасында дәстүрлі спорт түрлерін дамыту ісіне үлес қосып жатқан спортшылар мен ұйымдастырушылардың еңбегін жоғары бағалады.

Бұл жарыс – ұлттық рухты нығайтып, жас ұрпақтың бойына ата-баба дәстүріне деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатқан маңызды спорттық оқиға болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив