Сенаторлар су ресурстарын басқаруға цифрлық технологияны енгізу мәселесін талқылады
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы өткізген «Су ресурстарын басқару және ирригация саласына цифрлық шешімдерді енгізу» тақырыбы бойынша өңірлік тренингтің ашылу салтанатына қатысты.
Шара Орталық Азия, Әзербайжан және Түркия елдері арасында су саясатын және тариф белгілеу тетіктерін жетілдіру, су пайдаланушылар қауымдастығын дамыту және жергілікті құрылымдардың рөлін арттыру, су үнемдеу технологиясы мен цифрландыру құралдарын енгізу мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға бағытталған.
Шараның жалпы сессиясында сөз сөйлеген комитет төрағасы Әли Бектаев цифрлық технологияны енгізу су шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып табылатыны және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны туралы айтты.
«Су ресурстарын ұтымды пайдалану заманауи тәсілдерді қажет етеді. Цифрландыру суару жүйелерінің тиімділігін арттыруға, суды есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, климаттың өзгеруі және ауыл шаруашылығының қажеттіліктерінің өсуі жағдайында өзекті», - деді Әли Бектаев.
Сенаторлар сонымен қатар мұндай бастамаларды іске асыру ауылдық аумақтарды дамытуға, аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға және елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.