Сенатта жаңа Салық кодексін іске асыру үшін құқықтық базаны қалыптастыру мәселелері талқыланды
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Салық кодексінің жекелеген нормаларын іске асыру шеңберінде құқықтық базаны қалыптастыру мәселелері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде жаңа Салық кодексі салық жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыруда, сондай-ақ бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауда стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оны толыққанды енгізу үшін кодекс нормаларының іс жүзінде қолданылуын қамтамасыз ететін 240-тан астам заңнан кейінгі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдау қажет.
«Жаңа Салық кодексі әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуге, артық жеңілдіктерді қысқартуға және мемлекет пен салық төлеуші арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуге бағытталған. Бірақ бұл нормалардың нақты жұмыс істеуі үшін оларды қолдану тәртібін нақтылайтын және салық салудың барлық жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ететін заңнан кейінгі актілерді уақтылы қабылдау маңызды», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілі жаңа Салық кодексін іске асыру үшін 19 нормативтік құқықтық акті әзірленіп жатқанын, оның бір бөлігі қазірдің өзінде бекітілгенін атап өтті. Салықтық жеңілдіктер беруді және арнайы режимдерді қолдануды реттейтін жобаларға ерекше назар аударылады. Бизнес өкілдерімен және «Атамекен» ҰКП-де талқылаудан кейін оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі 795-тен 44-ке дейін қысқартылды, бұл жаңа жағдайға көшуді жеңілдетуге және шағын бизнесті қолдауды сақтауға мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігінің өкілі өз кезегінде Салық кодексін іске асыру шеңберінде 98 құқықтық актіні әзірленгенін, оның бір бөлігі қазірдің өзінде қабылданғанын хабарлады. Ол сондай-ақ барлық өңірлерде ауқымды түсіндіру жұмыстары-семинарлар, баспасөз конференциялары, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар және жедел желілер арқылы консультациялар жүргізіліп жатқанын атап өтті.