Мемлекет түйткілдерді біртіндеп шешіп келеді - Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент мұны Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Ең маңыздысы — нәтиже, өзімізді жарнамалау емес. Кез келген азамат білімі мен еңбекқорлығының арқасында қабілет-қарымын көрсетіп, іскерлік, шығармашылық немесе мемлекеттік қызметтегі мансабында табысқа жететін орта, қазір жиі айтылатын экожүйе қалыптастыруға күш салып жатырмыз. Қазақстан талантты, мақсатшыл жандар тұрақтап қалғысы келетін ел қатарына қосылып келеді. Біздің ең басты байлығымыз — білімді, белсенді адамдар. Мен мұны үнемі айтамын әрі қайталаудан жалықпаймын. Әрбір азамат өзінің табысы мен еңбекқорлығы арқылы еліміздің гүлденуіне елеулі үлес қосады. Біз тәртіпке бағынатын отандастарымызды шынайы патриот ретінде дәріптеп, мақтан тұтуымыз керек. Өйткені олар ұлтты ұйыстырады, халқымызды кәсіби және рухани тұрғыдан биіктерді бағындыруға жігерлендіреді, — деді Мемлекет басшысы.
Сондай—ақ Мемлекет басшысы Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету — тек өз қолымызда екенін алға тартты.
— Осылайша, біз бәріміз Қазақстан азаматтарының жасампаз рухын сыйлауымыз керек. Мұндай игі үрдісті жан-жақты қолдау қажет. Ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылыс ұлттық болмысымызға тән қасиет болуы керек. Армандау, алға мақсат қою — өте дұрыс. Алайда қазіргі заман нақты іс-әрекеттің уақыты екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан елге пайдалы, болашаққа қажет істермен айналысу керек. Сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі отаншылдық, яғни нағыз патриотизм дегеніміз — осы. Қазір еліміз аса күрделі жолдың басында ғана тұр. Біз бір ел болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек, көреалмаушылық, қызғаныш сияқты теріс әдеттерден арылған жөн. Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету — тек өз қолымызда. Оған біздің мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де жетеді: экономикамыз — орнықты, жеріміз — берекелі, жарқын болашаққа деген сеніміміз — зор, ал азаматтарымыз, әрине, өте дарынды және қабілетті, — деді Президент.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ретінде биік белестерді бағындырамыз десек, халқымыздың ауызбіршілігі мықты болуы керек екенін айтты.
— Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Біз ұлт ретінде биік белестерді бағындырамыз десек, ең алдымен, халқымыздың ауызбіршілігі мықты болуы керек, азаматтарымыз бірін-бірі сыйлап, құрметтеуі қажет. Бір елдің ішінде өмір сүріп, бір жерде тұрып, жанжалға, ұрыс-керіске жол беруге болмайды. Біреудің еңбегін жоққа шығару, не болмаса ой-пікірін келеке ету, басқа адамды қаралау — озық, өркениетті қоғамға жат қылық, тіпті, ұят нәрсе, ондай әрекеттер үшін қоғам және заң алдында жауап беруге тура келеді. Ғаламтор желісінде бір тақырыптан басталған талқылау бітпейтін пікірталасқа ұласып кетеді, тіпті, бұл құбылыс «аса қауіпті қоғамдық дерт» деген осындай түсінік, ұғым пайда болды. Мұндай дерттен құтылуымыз керек, — деді ол.
Бұған дейін Президент Азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу – аса маңызды міндет екенін айтты.
Тағыда оқыңыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»