Абай облысында көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтары қорғалды
Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі болып табылатын Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді және олардың сапасына бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген қағидаттары, оның ішінде төрешілдік пен сөзбұйдалыққа жол бермеуді, көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділігін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің басымдығын қатаң сақтау болып табылады.
Іс жүзінде жер учаскелеріне құқық берумен байланысты рәсімдер маңызды аспектілер болып табылады. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер қатынастарын реттеу жерді ұтымды пайдалану, қоғам мүдделерінің басымдығы және азаматтардың жерге кепілді құқықтарын қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.
Цифрландыру жағдайында жер учаскелеріне құқық берудің барлық рәсімі электрондық түрде жүргізіледі, ал түпкілікті шешім, яғни әкімдіктің қаулысы электрондық форматта ресімделеді. Алайда, Семей қаласында электрондық қаулыларды уақтылы дайындауға мүмкіндік бермейтін техникалық қиындықтар туындады.
Осыған байланысты Департаменттің ұсынысы бойынша азаматтардың заңды құқықтарын сақтау мақсатында әкімдік қаулыларын қағаз түрінде уақытша ресімдеу туралы шешім қабылданды. Бұл 34 көрсетілетін қызметті алушының құқықтарын сақтап, мемлекеттік қызметті уақытша көрсетуге мүмкіндік берді. Аталған жағдай заңдылық, ашықтық және азаматтардың мүдделеріне бағдарлану қағидаттарын сақтау туындаған проблемаларды тиімді шешуге және мемлекеттік қызмет көрсету процесінде әуре-сарсаңға түсудің алдын алуға мүмкіндік беретіндігінің жарқын мысалы болып табылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды және олардың қолжетімділігін, ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған тетіктерді одан әрі енгізуді жалғастырады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті