18 қазан күні Семей қаласындағы «Северный» сауда-логистикалық орталығында Абай ауданының ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең көлемді жәрмеңкесі өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты қала тұрғындарын сапалы, экологиялық таза өнімдермен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету және ауданның аграрлық әлеуетін кеңінен таныстыру болды.
Жәрмеңкеге Абай ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтары өздерінің ең сапалы өнімдерін ұсынды. Сауда сөрелеріне 1 тонна сиыр еті, 1 тонна жылқы еті, 200 келі қой еті, сондай-ақ күнделікті тұтынуға арналған сүт өнімдері жеткізілді. Барлық өнімдер нарықтағы бағалардан айтарлықтай төмен бағада сатылып, тұрғындар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Жәрмеңке барысында қала тұрғындары өнімдердің балғындығына ерекше назар аударып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларына оң бағасын берді. Көпшілік мұндай жәрмеңкелердің ел экономикасын қолдауда және азық-түлік бағасын тұрақтандыруда маңыздылығын атап өтті.
Абай ауданы әкімдігі алдағы уақытта да Семей тұрғындарына отандық өнімді қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында жәрмеңкелер ұйымдастыруды жалғастыратынын жеткізді. Бұл шара қала мен аудан арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.
Осындай игі бастамалар ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, тұрғындардың әлеуметтік қолдауын күшейтеді деген сенім бар.






