Абай ауданындағы Ш. Тоқжігітов атындағы мектепте төрт атаулы кабинет ашылды
Абай ауданында білімге қолдау: Ш.Тоқжігітов атындағы мектепте төрт атаулы кабинет ашылды
Абай облысының білім басқармасы жүзеге асырып отырған «1 мектеп – 1000 қолдау» жобасы өңір мектептерінде демеушілік пен қамқорлық жұмыстарын жандандырып келеді. Сол бастаманың сәтті үлгісінің бірі Абай ауданындағы Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектепте көрініс тапты. Білім ордасы соңғы жылдары айтарлықтай жаңарып, оқушылар үшін қолайлы әрі заманауи орта қалыптасуда.
Тек биылдың өзінде мектеп түлектері мен ауданның абыройлы азаматтарының қолдауымен төрт атаулы кабинет ашылды:
• Мамырхан Тоққараұлы атындағы кабинет
Түлектердің демеушілігімен 1,5 миллион теңгеге қайта жабдықталды. Жаңа жиһаздар орнатылып, интерактивті тақтамен толықтай қамтамасыз етілді.
• Орыс тілі мен әдебиеті кабинеті
Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, оқу ісінің үздігі Ерғазы Нұрмағамбетұлы Мұрзиннің құрметіне ашылды. Қызы Лаура Ерғазиевна 3 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетіп, кабинет заман талабына сай жаңартылды.
• «Ұлттық құндылық» кабинеті
Ауданның Құрметті азаматы, еңбек және тыл ардагері Қарпық Бекбатырұлының есімі берілген бұл кабинет оқушыларға ұлттық болмыс пен рухани мұраны терең танытуға бағытталған. Ұлы Омарбек Қарпықұлы 2,5 миллион теңгеге оқу жабдықтарын, ұлттық жәдігерлер мен көрнекіліктерді алып берді.
• Оразия Молдабекқызы атындағы кабинет
Ұлы Дәурен Икрамұлының 1,5 миллион теңгелік демеушілігімен жаңғыртылып, жаңа үстелдер, кітап сөрелері, ролл-перделер және түрлі оқу материалдары орнатылды.
Бұл игілікті жұмыстардың нәтижесінде Ш.Тоқжігітов атындағы мектеп аудандағы ең үлгілі білім ошақтарының біріне айналып келеді. Түлектер мен жерлестердің туған мектебіне көрсеткен жанашырлығы өңірде меценаттық мәдениеттің дамып, қоғамның білімге қолдау көрсету дәстүрінің нығайып келе жатқанын айқын дәлелдейді.