Cемей4°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
530.15 617.47 6.64

Мәжіліс тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар  тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты заңнамалық түзетулер жөнінде Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов баяндады. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтай отырысында берген археологиялық қызметті ретке келтіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін депутаттардың бастамасымен әзірленген.

Комитет төрағасы саладағы негізгі проблемалар мен оларды шешуге бағытталған нормаларға тоқталды. Соның бірі лицензиялау жүйесінің тиімсіздігі екенін атап өтті. Енді салада археология мен реставрацияға екі бөлек лицензия болады. Оның нақты мерзімі 5 жыл деп белгіленіп, әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі.

– Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі, барлығы бір цифрлық жүйеде болады. Сондай-ақ Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет нағыз археологиялық «ойлау орталығы» болады. Музей үшін құндылығы бар жеке жәдігерлер заңда бекітелгендей, музейге беріледі. Ал жаппай табылған жәдігерлер мен материалдар депозитарийде, ғылыми ортаға ашық, қауіпсіз жағдайда сақталады. Бұдан бөлек, құжатта қазбадан кейін жерді қалпына келтіру, яғни консервация-рекультивация жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар нақтыланады, – деді А.Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, енді археологиялық жұмыстар ғылыми зерттеу үшін – жоспарлы, құрылыс алдында алдын ала экспертиза және шұғыл қазбалар жүргізу үшін – жоспардан тыс болып екіге бөлінеді. Тарихи мұраларды тонаудан қорғау үшін металл іздегіштер мен арнайы құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылған.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ринат Зайыт қосымша баяндамасында археологиялық жұмыстар кезінде техникалық құралдарды (металл іздегіштер, радарлар мен магниттік құрылғылар) заңсыз пайдалануға тыйым салынатынын айтты. Ал тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану кезінде бүлінуге, қирауға және залал келтіруге жол берілмейді.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар археологиялық қызметті реттеуге және тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты мәселелерді көтерді. Ескерткіштерді мемлекеттік қорғауға беру процесін ұйымдастыруға, Ұлттық археологиялық қызметке берілетін жаңа өкілеттіктерге қызығушылық танытты. Олар археологиялық жұмыстарды лицензиялауға, мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын нақтылауға және бұл өзгерістердің университеттер мен археологиялық орталықтардың қызметіне қалай әсер ететініне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ заңсыз қазба жұмыстары мен тарихи олжаларды ұрлауға қарсы күрес шаралары, соның ішінде қылмыстық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Нақты мәселелер қазба жұмыстары кезінде жер иелерінің құқықтарын қорғауға және залалды өтеу тәртібіне, сондай-ақ құнды артефактілерді тапқан жеке тұлғаларды ынталандыруға және олардың есімдерін мұражай экспонаттарында атап өту мүмкіндігіне қатысты болды.

Талқылау қорытындысында депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау жөнінде шешім қабылдады. Оны екінші оқылымға дайындау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сонымен қатар Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерге Сенат енгізген өзгерістермен келісті.  Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляеваның айтуынша, Сенат барлығы 16 түзету ұсынды. Олар Мәжіліс қабылдаған заңдардың мазмұнын өзгертпейді.

– Оның барлығы редакциялық және нақтылау сипатында. Бұл түзетулер құқық қолдану жүйесіне ешқандай әсер етпейтіндіктен, біз Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісуге болады деп санаймыз, – деді Мәжіліс депутаты.

Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; 1993 жылғы 22 қаңтардағы және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамалар; 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жобасы.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 15 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив