Облыс әкімі: Алакөл демалыс аймағын басқаратын жеке мекеме құру қажет
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жиын өтті. Отырысқа басқарма, департамент басшылары, көліктік бақылау инспекциясының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша туризм басқармасының басшысы Марат Қабақов баяндады.
Облыста Алакөл жағалауының инфрақұрылымын нығайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта туристік аймаққа жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару станциясы салынуда. Нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзербайжан инвесторлары Алакөлде жыл бойы жұмыс істейтін емдеу-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отыр.
Жиында аймақ басшысы орынбасары Серік Төленбергенов пен тиісті басқармаларға Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға, туристік аймақтағы қолға алынған жобаларды жүзеге асыруға, көліктік бақылау инспекторларының санын арттыруға, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
 
    









