1500 отандық және шетелдік педагог цифрлық дәуірдегі мектеп білімінің болашағын талқылады
Бүгін Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар» атты XIV халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
Конференцияға еліміздің барлық өңірлерінен келген педагогтер, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия, Австралия, Италия, Испания, Қытай және басқа да елдердің сарапшыларын қоса алғанда, шамамен 1500 қатысушы жиналды. Олар цифрлық трансформация жағдайындағы мектеп білімінің қазіргі үрдістері, сын-қатерлері және даму болашағын талқылауда.
Сонымен қатар конференция жұмысына Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Камерун және Малайзия елдерінің өкілдері қатысуда. Бұл форумның халықаралық деңгейін және ашық диалог алаңы екенін айқын көрсетеді.
Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі Алексей Цой форумның тақырыбы елдің білім беру саласындағы стратегиялық бағытымен үйлесетінін атап өтті. Ол өңірлер мен халықаралық қауымдастық өкілдерінің кең қатысуы бұл шараны тәжірибе мен идея алмасудың бірегей алаңына айналдыратынын айтты. Алексей Цойдың айтуынша, жасанды интеллект білім беру үдерісін қолдауға бағытталуы тиіс, алайда оны алмастыра алмайды. Сол себепті заманауи технологияларды білім беру жүйесінің дамуына тиімді бағыттап пайдалану аса маңызды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин өз баяндамасында білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы NIS тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдымен білім беру тұғырын қалыптастыру, кейін ұйымның цифрлық өнімдерін әзірлеу қолға алынған. Солардың бірі – Arizona State University университетімен бірлесе әзірленген Beyim.ai жобасы. Бұл платформа оқыту үдерісін жекелендіруге және жасанды интеллект көмегімен білім сапасын талдап, жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Әнуар Қанатұлының сөзінше, технологиялық шешімдер білім сапасын арттыруға бағытталғанымен, басты назар әрдайым мұғалім тұлғасына аударылуы тиіс.
Халықаралық сарапшылар жаңа буын технологияларын білім беру жүйесіне енгізу бойынша өз көзқарастарын ұсынды. Ұлыбританиядағы Bedrock AI және Diverse AI компанияларының негізін қалаушы әрі бас директоры Тоджу Дьюк жасанды интеллектті қолданудағы этикалық және қауіпсіздік аспектілеріне назар аударды. Гонконгтағы Yew Chung ерте білім беру колледжінің вице-президенті Эрик Ченг жекелендірілген оқытуға арналған бейімделетін платформаларды енгізу тәжірибесін бөлісті. Ал Ұлыбританиядан келген цифрлық білім беру жөніндегі сарапшы Дэн Фицпатрик жасанды интеллектті оқу үдерісінде қолдану тәсілдері туралы баяндама жасады.
Екі күнге жалғасатын конференцияда қатысушылар оқытудың заманауи әдістемелері, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, PISA 2025 шеңберінде дағдыларды бағалау, сондай-ақ жасанды интеллектті білім беру процесінде қолданудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері жөнінде пікір алмасады. Бағдарламада пленарлық отырыстар, тақырыптық секциялар, сараптамалық пікірталастар, практикалық воркшоптар мен демонстрациялық сабақтар қамтылған. Ал «NIS.KORME» көрмесінде отандық және шетелдік компаниялар Қазақстанның EdTech саласын дамытуға арналған инновациялық шешімдері мен өнімдерін ұсынады.
Сондай-ақ елдің әр өңірінен келген 100-ден аса педагог өздерінің ғылыми-зерттеу жобалары мен педагогикалық тәжірибелерін ұсынатын зерттеу постерлері байқауына қатысуда. Байқау қорытындысы бойынша ең үздік 10 жұмыс арнайы марапатталады.





