Cемей6°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
530.47 613.75 6.56

Абай облысында агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдарды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

Кеше, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семейде Парламент Сенатының Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Парламент Сенатының Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Әли Бектаев, Парламент Сенатының депутаттары, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрлерінің орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының өкілі, мәслихат депутаттары, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген аймақ басшысы алқалы жиынның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.

«Президентіміз биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Биылғы 9 айда облыстың мал шаруашылығында нақты көлем индексі 105 % деңгейінде қалыптасып отыр. Жаңасемей ауданында құны 7,7 млрд теңгеге ірі ет комбинатының құрылысы жүргізілуде. 2026 жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа серпін береді деген сенімдеміз. 2028 жылға дейін облысымызда ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды іске асыру Жол картасына сәйкес 22 ірі агрожоба іске асырылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен қатар, ауылдарды дамытуға біз әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Облыс құрылған 3 жыл ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 21,2 млрд теңгені құрайтын 191 жоба жүзеге асырылды», - деді облыс әкімі.

Парламент Сенатының Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Әли Бектаев Абай облысының ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екенін айтты.

«Өңірдің ауыл шаруашылығында тұрақты өсу байқалады. Тоғыз айда 339,5 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ет кластерін, сүт фермаларын құруды, құс шаруашылығы мен суаруды дамытуды қамтитын АӨК-ні 2028 жылға дейін дамыту моделі әзірленді. Дегенмен, қазіргі таңда облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде шешуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігі басқа өңірмен салыстырғанда төмен және суармалы жерлердің үлесі жеткіліксіз. Ауылдық инфрақұрылымның дамуы мен жол, байланыс, интернет желісінің қолжетімділігі де өңірдің бәсекеге қабілеттілігін тежеп отыр. Осы мәселелерді талқылап, тиісті шешімін табу үшін бүгін біз барлық мүдделі тараптарды – Парламент депутаттарын, Орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерін, сарапшыларды, фермерлер мен қайта өңдеуші кәсіпкерлерді бір алаңда жинадық», - деді ол.

Отырыста өңірдің ауыл шаруашылығы саласы, ауылдардың жағдайы мен даму әлеуеті талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бағдарлама үйлестірушісі Жаңыл Бозаева және облыстың жетекші шаруа қожалықтарының басшылары баяндама жасады. Көшпелі отырыс қорытындысында барлық ұсыныстар мен шешімдер жинақталып, Үкіметке жолданады.

Шара соңында өңірдің үздік шаруаларына Парламент Сенатының төрағасы мен Парламент Сенатының Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі комитетінің Алғыс хаты тапсырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив