«Жұмысшы мамандықтар жылы» бойынша жоспарды іске асыру барысы талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында «Жұмысшы мамандықтар жылы» бойынша жоспарды жүзеге асыру барысы, облыстағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және өңірде бұқаралық спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Қала-аудан әкімдері бейнережимде қосылды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» бойынша жоспарды іске асыру барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облыста тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірдегі 32 колледжде 20 мыңнан астам студент оқиды. Олардың 75 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады. Соңғы екі жылда колледждер желісі оңтайландырылып, материалдық-техникалық база нығайып келеді.
«Барлығына арналған кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы барысында 3 жылда мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайды. Өңірдегі 21 колледж жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар дайындайды. Аталған оқу орындарында 4000 студент білім алып жатыр. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай өңірлік іс-шара жоспары әзірленді. Жоспар 7 бағыттан тұрады.
Колледждердің оқу жабдықтарын жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл 6 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілердің қолдауымен жаңа оқу және тәжірибе орталықтары ашылуда. «ҚТЖ», «Қазақстан су жолдары», «Қазполиграф» сияқты кәсіпорындармен серіктестік орнатылып, заманауи өндірістік кабинеттер іске қосылды.
Облыс студенттері WorldSkills және «Abilympics-2025» чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Өңір командасы республикалық WorldSkills чемпионатында екі жыл қатарынан І орын иеленіп, EuroSkills Herning 2025 халықаралық жарысында үш студент ел намысын қорғады. Ерекше білім қажеттілігі бар студенттер республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетті.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мектептерде 43 мамандандырылған сынып ашылып, жастардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік жасалды.
Аймақ басшысы жиында білім басқармасына жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп еңбек нарығына мұқият талдау жүргізуді, кәсіпорындарға қажетті жұмысшы мамандықтардың нақты санын анықтауды, дуальды оқыту мен тәлімгерлікті дамытуды, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті нығайтуды, түлектердің жұмыспен қамтылуын тұрақты бақылауды және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.








