Сенатта әскерде қызмет етудегі өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды
Бүгін Сенатта мемлекеттік органдардың сенаторлар сауалдарында айтылған мәселелерді шешу жолында атқарып жатқан жұмыстары талқыға салынды. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары алдында жауапты министрліктер мен мекемелердің басшылығы әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғау мәселелері туралы есеп берді.
Сенаторлар бұдан бұрын әскери саладағы күрделі мәселелер туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Көтерілген өзекті мәселелер әскери есепке қою және одан шығару процестерін цифрландыруға, психологтардың тапшылығына, әскерге шақыру пункттерін жарақтандыру деңгейінің төмендігіне және Қарулы Күштердегі сержанттық және қатардағы әскери қызметшілердің жалақысын арттыруға қатысты болды.
«Бұл кешенді мәселеболып отыр. Оны шешу үшін ауқымды ұйымдастыру шараларын қабылдауды, әскери тәртіпті, әскерге шақырылушы мен жалпы әскери қызметшілерді іріктеу сапасын күшейтуді талап етеді. Қазақстан әскерінің Отан қорғаушы ретіндегі жағымды келбетін насихаттау жөніндегі жұмысты күшейту керек. Әскери борышын өтеген азаматтарға әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді, келешекте жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету маңызды», - деп атап өтті комитет төрағасы Асқар Шәкіров.
Кездесуге Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов, бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері жағдайды жақсарту үшін әскери салада қабылданып жатқан шаралар туралы, сондай-ақ «Өмірді сақта» мекемеаралық бағдарламасын іске асыру барысы туралы сенаторларға айтып берді. Бұл бағдарлама әскери ортадағы қайтарымсыз шығындардың алдын алудың мақсаты мен міндетін, қағидасы мен бағытын белгілейді және мекемеішілік жоспарларды әзірлеуге негіз болады.
Сенаторлар өз кезегінде әскер қатарындағы жағдайды одан әрі жақсарту үшін жедел және тиімді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Суретті түсірген: Б. Серікбай