Президент тапсырмаларын орындау: елімізде дәнді және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының рекордтық өнімі жиналды
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында 2025 жылғы егін жинау жұмыстарының қорытындылары туралы баяндады.
Ол өткен маусым ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімін көрсеткенін атап өтті.
Агротехникалық шараларды қатаң сақтау – жоғары өнімнің басты кепілі екеніне шаруалардың көбі көз жеткізді. Екі жыл қатарынан алынған нәтижелер өнімділіктің қолданылып жатқан технологияларға тікелей тәуелді екенін нақты дәлелдеп отыр. Осы жыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды. Олар тек табысты емес, сонымен бірге топырақтың құнарын арттырып, ауыспалы егісті жақсартады. Мысалы, бұршақ дақылдары топырақты азотпен байытып, кейінгі дақылдардың өнімділігін арттырады.
«Бүгінгі таңда республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйылды. Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды – бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдейді», — деді Айдарбек Сапаров.
Сонымен қатар министр 4 млн тоннаға жуық арпа жиналғанын, бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жеткенін мәлімдеді. Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна жиналды және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Тамшылатып суаруды қолдану нәтижесінде кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды. Жалпы алғанда, орташа өнімділік 30 ц/га деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға көп.
Осыған байланысты әкімдіктерге мақта өсірудің дәстүрлі тәсілдерінен озық және тиімді технологияларға көшу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
«Фермерлердің агротехнологияларды сақтауына, ең алдымен, мемлекеттік қолдау тетіктері зор әсер етті. Биыл ерте жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 1,8 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 56%-ын құрайды. Элиталық тұқымдардың үлесі 9,5%-дан 11,5%-ға дейін өсті. Ерте қаржыландыру бағдарламасы келесі жылы да жалғасады», — деді Айдарбек Сапаров.
Министрдің сөзінше 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Қарашаның екінші онкүндігінен бастап шаруаларға револьверлік кредит беру ашылады, бұл бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлемі 250 млрд теңгеге жеткен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы техника жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетіп, екі жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80%-дан 70%-ға дейін төмендеді. Негізгі астық өндіруші өңірлерде жүргізілген талдау агротехнологияларды сақтау мен өнімділік арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетті. Мысалы, барлық шаруашылықтардың шамамен 60%-ы гектарынан 15–30 центнер өнім алса, ал 8%-ы 30 центнерден аса өнім жинады. Осылайша, республика бойынша орташа өнімділік гектарынан 17 центнер деңгейінде қалыптасып, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары болды. Дегенмен, шаруашылықтардың шамамен 12%-да өнімділік әлі де төмен деңгейде (7–8 ц/га) қалып отыр. Аталған шаруашылықтар агротехнологияны жоғары деңгейде қолдану қажет.
Осыған байланысты министр әкімдіктер 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы жалпы өнімін екі еселеу жөніндегі Жол картасының көрсеткіштеріне жету мақсатында фермерлерді технологияны сақтауға ынталандыру жұмыстарын күшейтуі тиіс екенін айтты.
«Алынған астық өнімі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді және экспорттық әлеуетті де сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өткен маусымда астық экспорты 47%-ға артып, 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл өсімге экспорттық субсидиялау бағдарламасы айтарлықтай ықпал етті. Экспорт көлемін тұрақты ұстау мақсатында бағдарламаның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Биыл қазақстандық астық Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка, Марокко, Алжир, Египет елдеріне жеткізілді. Иран, Әзербайжан, Армения және Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды. Бүгінгі күннің өзінде жаңа өнімнен шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп», — деді Айдарбек Сапаров.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес астықты терең өңдеу бойынша 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде нарықтан қосымша 2,5 млн тонна астық тартылатын болады. Астық сақтау сыйымдылығы республика бойынша 30,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде лицензияланған кәсіпорындарда – 13,3 млн тонна, шаруаларда – 17,4 млн тонна. Жаңа өнімнен элеваторларға 7,7 млн тонна астық тапсырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сақтауға тапсырылған жұмсақ бидайдың 53%-ы жоғары сапалы, 35%-ы – төртінші сынып, 12%-ы – төменгі сынып және сыныпсыз астық.
Ведомство басшысының айтуынша келесі жылдың көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары басталып кетті. Егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы жалғасатын болады. Басымдық – жоғары рентабельді және экспортқа бағытталған дақылдарға беріледі, ал суды көп қажет ететін дақылдар көлемі қысқарады. Келесі жылдан бастап әртараптандыру көрсеткіштерін орындауға бақылау күшейтіледі. Сондықтан өңірлер қазірден бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егіс құрылымын алдын ала пысықтауы тиіс. Келесі маңызды бағыт – тұқымдық материалды сапалы дайындау.
Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, жалпы қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайды, оның 96%-ы дайындалған. Әкімдіктерге тұқым сапасын тексеруді қазірден бастау қажет. 2026 жылы 2,3 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қажетті көлемдер бойынша келісімшарттарды уақтында жасап, қоймаларды дайындау қажет. Техниканы жаңарту да басты назарда. Келер жылғы жаңарту жоспары – 8%-ды құрайды.
«Үкімет тарапынан 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына несиелеу басталды. Сондықтан әкімдіктер барлық қаржыландыру жолдарын пайдаланып, фермерлердің барынша кең ауқымын қамтуы тиіс. Жалпы, аграрлық маусымның қорытындылары оң нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетіп отыр. Осы орайда әкімдіктерге келесі бағыттар бойынша шаралар қабылдау қажет: майлы дақылдар, жүгері және қант қызылшасы бойынша егін жинауды уақтылы аяқтау; жиналған өнімнің сақталуын және өңделуін қамтамасыз ету; 2026 жылға қажетті тұқым көлемін толық дайындау; шаруалар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың Аграрлық несие корпорациясы алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауын қамтамасыз ету. Аталған мәселелер Министрліктің ерекше бақылауында болады және келесі жылы да агротехнологияларды қолдану мен өнімділікті арттыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады», — деді Айдарбек Сапаров.