Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында алғаш рет қағаз құю әдісі тәжірибеге енгізіле бастады
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында көне кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіру ісінде қолмен қағаз құю әдісі тәжірибеге енгізіле бастады. Бұл тәсіл түпнұсқа қағаздың құрамына барынша сәйкес келетін жаңа қағаз түрін жасауға мүмкіндік бере отырып, реставрация барысында жоғалған беттер мен бөліктерді толықтыру үшін қолданылады.
Қолмен қағаз құю реставрациядан қалған қағаз қиындылары мен жарамсыз қағаздарды қайта өңдеу технологиясы арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ мамандар шетелден алдырылған қағаз массасымен тәжірибе жасап көрді.
Талшықты суспензиядан (пульпа) парақ қалыптастыру процесі барысында арнайы сүзгі формасында қағаз массасы біркелкі жайылып, табиғи түрде кептіріледі. Бұл әдіс XIII–XIV ғасырларда Еуропа мен Азияда қолданылған дәстүрлі технологияларға негізделген.
Қағаз дайындау барысында мақта, целлюлоза, зығыр немесе сора талшықтарынан арнайы масса әзірленіп, су қосу арқылы біртекті пульпа күйіне келтіріледі. Қалыпқа салынған пульпа сүзілген соң, артық су алынып тасталып, ылғал масса арнайы престе сығылады және табиғи жағдайда кептіріледі. Қажет болған жағдайда дайын парақтар метилцеллюлозамен желімделіп, агат тасы арқылы жылтыратылады.
Дайын өнімдер реставрациялық жұмыстарда - жыртылған парақтарды қалпына келтіру, жоғалған бөліктерді толықтыру, сондай-ақ уақыттың әсерінен зақымданған кітаптар мен қолжазбаларды жаңғырту үшін пайдаланылады.
Қолмен қағаз құю әдісінің енгізілуі ұлттық мәдени мұраны сақтау ісінде маңызды қадам. Бұл тәсіл көне жазба ескерткіштердің өмірін ұзартуға, сондай-ақ дәстүрлі технологияларды қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртуға бағытталған.