Мәжілісте отбасы құндылығын нығайту мәселесі талқыланды
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Адамгершілік тәрбие және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері» атты тақырыптық отырыс өтті. Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік еткен жиынға депутаттар, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Іс-шарада Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отбасы институтын нығайту мен ұлттық дәстүрлерді сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлетініне назар аударылды. Депутат Ардақ Назаров кез келген мемлекеттің өркендеуі, оның тұрақтылығы мен рухани әлеуеті ең алдымен отбасының берекесіне, ұрпақ тәрбиесі мен ата-ана жауапкершілігіне байланысты екенін айтты.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов отбасы институтын нығайту және отбасы құндылықтарын сақтау бойынша негізгі жұмыс бағыттары туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда ажырасу саны 16 пайыз төмендеген.
– Отбасыларға түрлі жағдайда көмек көрсету үшін қалалар мен аудандар деңгейінде Отбасын қолдау орталықтары (131) жұмыс істейді. Осы орталықтарға жыл басынан бері республика бойынша 44,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. 20 мыңға жуық отбасыға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес беріліп, 15,4 мың отбасы тұрақты бақылауға алынды. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда отбасындағы тұрмыстық қатынастарға қатысты тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар 1,5 есе өскенімен, ауыр қылмыс саны 29 пайыз азайды, – деді Е.Кочетов.
Зорлық-зомбылыққа ұшырауына байланысты көмек қажет деп санайтын азаматтар 10 пайыз көбейгенін де айтқан вице-министр олар алдымен полицияға, жақындарына, психологтарға және құқық қорғаушыларға жүгінуі қажет деп санайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, елімізде жанжалдарды шешу мен ажырасу үдерістерінің теріс салдарын еңсеру үшін «Бақытты отбасы» жобасы, ерлі-зайыптыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған «Ата-аналар академиясы» жобасы, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы, Tatulyq.kz платформасы, «Saulyq.life» жастар қозғалысы, отбасы және неке үлгілерін насихаттауға арналған жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы сынды бірқатар жоба қолға алынған.
Баяндамадан кейін жиынға қатысушылар мәселені талқылап, тақырыпқа байланысты сұрақтарын қойды, ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, тәрбиелік мәні бар контентті көбейту, психолог мамандар даярлау, балалар мен жасөспірімдерге психохологиялық қолдау көрсету, әлеуметтік желідегі контентті бақылау, жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау, балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу шараларын жетілдіру және басқа да мәселелерге баса мән берілді.
– Тақырып өте ауқымды, мәселе өзекті. Бір кездесуде барлығын қамту мүмкін емес. Дегенмен жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі бойынша жақсы талқылау болды деп ойлаймын. Бүгінгі ұсыныстар мен сұрақтар негізінде қаулы жобасын дайындап, ұсынымдарымызды Үкіметке жіберетін боламыз, – деп қорытындылады комитет төрағасы А.Аймағамбетов.