Сенатта мәдениет, білім және отбасыны қолдау мәселелері жөніндегі заң талқыланды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды талқылады. Құжатта кешенді өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға кітапхана қорларын сақтау және дамыту жөніндегі құзырет берілді, ал мемлекеттік кітапханаларға өз орынжайларын пайдалана отырып, білім беру және мәдени іс-шараларды өткізу мүмкіндігі ұсынылады.
Заңмен концерттік қойылымдарды өткізу кезінде дауыстық фонограммаларды қолдануға тыйым салынады, бұл теледидарлық жазбалар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналмаған алаңдарға қатысты емес. Жекеменшік білім беру ұйымдарына белгілі тұлғалардың құрметіне атау беру кезінде ономастикалық комиссиямен келісу қарастырылады, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарына және олардың педагогтарына біржолғы төлемдер белгіленеді.
Сондай-ақ, азаматтардың жекелеген санаттарын міндетті өтеуден босату нормалары енгізіледі, шетелдік білім беру ұйымдарында оқыған кезде өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндіктері кеңейтіледі, бала асырап алу, қорғаншылық және қамқоршылық тәртібі жетілдіріледі. Бұдан басқа, заң техникалық, кәсіптік және жоғары білім саласындағы уәкілетті органдардың құзыретін кеңейтуді көздейді, оның ішінде рейтингілік көрсеткіштерді бағалау әдістемелерін бекіту және білім беру ұйымдарын саралауды жүргізу бар. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының қызметін бағалау негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу тәртібі нақтыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Комитет мүшелері Заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.