Ақсуат аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жүргізілуде
Қыркүйек айында басталған жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың шатыры ауыстырылып, сыртқы қасбеті жылу үнемдейтін заманауи материалмен қапталуда. Алдағы уақытта нысанның сырты металл сайдингпен қапталып, бірінші қабаттағы есіктер мен едендер жаңартылмақ. Жөндеу жұмыстары 2026 жылдың 2 қаңтарына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ақсуат аудандық орталық ауруханасы 2010 жылы салынған. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бүгінде мекемеде 320 медицина қызметкер еңбек етеді.
Соңғы екі жылда аурухана заманауи медициналық жабдықтармен толықтырылды. Бейнеэндоскопиялық, офтальмологиялық және кардиологиялық аппараттар, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар мен қан қысымын тәулік бойы бақылау жүйелері орнатылды.
2024 жылы «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында ауруханаға қарасты бірқатар жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді. Екпін мен Үштөбе ауылдарында дәрігерлік емдеу бөлімшелері, Кіндікті ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ Сұлутал, Қызыл жұлдыз, Айнабастау және Көктүбек ауылдарында медициналық пункттер ашылды.
Жалпы, аудандық ауруханаға қарасты 8 дәрігерлік емдеу бөлімшесі, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 9 медпункт бар.