Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
524.94 602.79 6.45

Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар банктер және банк қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді, сондай-ақ туристік саланы қолдау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерді, әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы және оған қаржы нарығын реттеу мен дамытуға қатысты ілеспе түзетулерді депутаттар Президенттің 2024 жылғы және 2025 жылғы Жолдауларында айтқан тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірледі. Құжаттарда банк қызметін мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова оның жаңа ережелерін таныстырды.

– Банктер туралы жаңа заңның құрылымы айтарлықтай өзгерді. Қолданыстағы нормаларға ревизия мен оңтайландыру жүргізілді. Банктерде корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау, төлемге қабілетсіз банктерді реттеу бойынша жаңа бөлімдер енгізілді. Заң жобасы 9 бөлім, 23 тарау, 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасы арқылы 7 кодекске және 35 заңға түзету енгізіледі. Бұл құжаттардағы банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, – деді М.Әбілқасымова.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельева қосымша баяндамасында негізгі шешімдердің бірі екі деңгейлі лицензиялау жүйесін енгізу болғанын айтты. Әмбебап лицензия кең ауқымды қызмет түрлерімен айналысатын ірі банктерге арналған, ал негізгі лицензия капитал талаптары жеңілдетілген, бірақ операциялық қызметке шектеу қойылған шағын банктер үшін. Оның айтуынша, бұл шешім жаңа банктердің нарыққа кіруіне мүмкіндік туғызады, жүйенің тұрақтылығына нұқсан келтірмейді.

– Алғаш рет мінез-құлықты бақылау енгізіліп отыр. Бұл – бақылаудың тек банктің тұрақтылығына ғана емес, клиенттермен өзара байланысына да бағытталған жаңа түрі. Оның тұтынушылардың құқықтарын қорғау, әділ бәсекелестікті дамыту, мәжбүрлі қызметтерді болдырмау және сотқа дейінгі жедел шешім механизмдерін қамтамасыз ету үшін қажет, – деді Т. Савельева.

Ол сондай-ақ жаңа құжаттың қаржылық технология секторын одан әрі дамытуға және цифрлық қаржы активтерін реттеуге ықпал ететінін айтты. Заң жобасының жеке бөлімі цифрлық теңгені ұлттық валютаның жаңа түрі ретінде енгізуге бағытталған, басқа да ережелер қарастырылған.

Сонымен қатар депутаттар деректердің таралып кеткені үшін немесе рұқсатсыз транзакциялар үшін қаржы институттары мен цифрлық қызмет операторларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған түпкілікті жаңа түзетулер ұсынды. Тиісті комитет төрағасы атап өткендей, бұл мәселелер заңнаманы мұқият қайта қарауды қажет етеді, азаматтарды қорғау нақты міндеттемелер мен кепілдіктер жүйесіне негізделуі керек.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов тұтынушылар деректерінің төмен деңгейде қорғалуы мен алаяқтық транзакциялардың көбеюіне байланысты банктер мен телекоммуникация операторларының жауапкершілігін арттыруды ұсынды. Ол алаяқтыққа қарсы жүйелерді жетілдіру, Ұлттық банктің бақылауы мен барлық қаржы инфрақұрылымы операторы арасындағы жауапкершілікті күшейту арқылы қаржы алаяқтығына қарсы күрес кешенді түрде жүргізілуі қажет екенін айтты.

Сондай-ақ депутаттар ұзақ әрі қызу пікірталас барысында тұтынушылық және ипотекалық несиелер бойынша ең жоғары жылдық пайыздық мөлшерлемені төмендету, банктердің клиенттерден алатын тарифтері мен комиссияларын реттеу бойынша ұсыныстар жасады. Мінез-құлықты бақылау қағидаттарының тиімділігі және бірыңғай қаржы омбудсменінің азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі туралы да сұрақтар қойылды. Мәжілісмендер сондай-ақ ислам банкін дамыту және оны Қазақстанда толық енгізу үшін заңнамалық тетіктердің жеткілікті болуы, экономиканың нақты секторларымен жұмыс істей алатын мамандандырылған салалық банктерді құруға тыйым салуды алып тастау сынды мәселелерді де көтерді.

Заң жобаларына қолдау білдірген Мәжіліс депутаттары Берік Бейсенғалиев пен Елнұр Бейсенбаев банк секторы туралы жаңа заң қаржы саласын жаңғыртуға, тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелік реформалардың логикалық жалғасы екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан реформалардың алғашқы нақты нәтижелерін осы жылдың соңында көруге болатынын айтты.

– Реформалар дұрыс бағытта жүріп жатыр. Біз дағдарыстың алдын алуды ғана емес, бұрынғы қателерді қайталамау жолдарын да талқылауымыз керек. Сонда ғана Қазақстанның қаржы жүйесі шын мәнісінде тұрақты болады, азаматтарының сенімі артады. Жаңа заң біздің қаржы секторын үнемі дамытуға және нығайтуға деген талпынысымызды көрсетеді, – Елнұр Бейсенбаев.

Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді талқылаған соң бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжаттарды екінші оқылымға дайындау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады. Олар жыл соңына дейін қабылданады деп жоспарланған.

Туристік саланы қолдау мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжаттың ережелерін депутат Павел Казанцев таныстырды.

– Тұрғын үй нысандарын, визит-орталықтар, курорттар салуды, жол бойындағы қызметтерді қалыптастыруды және қайта құруды қолдау бюджет қаражатын пайдалануды бақылаудың нақты механизмімен қатар жүруі керек. Біз кімдердің субсидия алатынын, қандай шарттармен және қандай нәтижелермен алатынын түсінуіміз керек. Сонымен қатар пайда болған кез келген алаяқтық схемаларды тоқтатуға тиіспіз. Осы мақсатта заң жобасында жер учаскелерінің иеліктен шығарылмауын, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын міндетті түрде бақылауды енгізу көзделген. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдарға басымдыққа ие туристік аймақтардың шекараларын өз бетінше анықтау мүмкіндігі беріледі, – деді П.Казанцев.

Гидтер мен экскурсия жетекшілерінің жұмысын жеңілдету үшін бірыңғай тізілім, сондай-ақ қонақ үйлерді бағалау және жұлдызды рейтингтер беру үшін сарапшы аудиторлар институты енгізіледі. Шекарадан өтетін туристік маршруттар үшін «жасыл дәліз» де жоспарланған.

Талқылау барысында депутаттар заң жобасы бойынша туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бақылау, туристік аймақтарға инвестиция тарту, ішкі туризм нысандарына рейтинг берудің жаңа шаралары, гидтердің қызметін реттеу және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сұрақтарын қойды.

Заң жобасы бойынша жұмыс Мәжіліс депутаты Никита Шаталов жетешілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Бұдан соң депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутек және уран секторында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Оның негізгі мақсаты – көмірсутектерді барлау мен өндіруге инвестиция тарту және уран өнеркәсібіндегі мемлекеттік мүдделерді қорғау.

Жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, құжатты екінші оқылымға дайындау кезінде депутаттар қолданыстағы жер қойнауын пайдаланушыларға келісімшарттағы аумақтарының ауданын өзгертпей, өндіріс алаңдарын тереңдетуге мүмкіндік беретін түзетулерді қолдаған. Жаңа ереже қолданыстағы жер қойнауын пайдаланушыларға учаскелерді 5000 метрге дейін тереңдетуге мүмкіндік береді, жаңа кен орындарын іздеуге ынталандырады. Қорлардың өсуін қамтамасыз етіп, инвестициялық тартымдылықты арттырады және мемлекетке қосымша геологиялық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Тағы бір түзетуде жоғары тұтқырлыққа ие, битумды және тақтатас мұнайы бар, технологиялық тұрғыда күрделі кен орындарын игеру үшін арнайы құқықтық режимді белгілеу ұсынылды. Сонымен қатар мұнай өндіруді арттыру үшін мамандандырылған әдістерді қолданатын жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау шаралары қарастырылған. Газ ресурстарының тапшылығын өтеу үшін орындалмаған жұмыс көлемі кейінгі кезеңдердің міндеттемелеріне енгізілген жағдайда қолданыстағы газ кен орындарына күрделі жобалар үшін жетілдірілген үлгілік келісімшарттарға көшуге рұқсат етіледі.

Әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер де екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Марат Башимовтың айтуынша, заң жария-құқықтық даулардың кейбір санаты Азаматтық іс жүргізу кодексінен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске ауыстырылады. Бұл шара әкімшілік іс жүргізуде заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге, азаматтық және әкімшілік істерді ажыратуға бағытталған.

Әкімшілік әділет саласына Азаматтық процестік кодекстің 30-тарауы – «Нормативтік құқықтық актінің заңдылығына даулау туралы істер бойынша іс жүргізу көшірілетін болады. Осылайша, кез келген азамат орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар немесе лауазымды тұлғалар шығарған заңға немесе оның жеке ережесіне шағымдану туралы әкімшілік сотқа талап арыз бере алады.

Заңда сондай-ақ әкімшілік рәсімдер туралы заңнаманы жетілдіруге, оның ішінде олардың шарттары мен рәсімдерін нақтылауға бағытталған бірқатар ереже бар.

Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы мен оған қатысты түзетулер, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді және Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды  ратификациялау жобалары бар.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив