Жастар ресурстық орталықтарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі өтті
Ақтау қаласында жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында Жастар ресурстық орталықтарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Кеңес жұмысына еліміздің барлық өңірінен жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысты.
Кеңесте жастар ресурстық орталықтарының жұмысын бағалау, инфрақұрылымдық дамуын жетілдіру, үздік өңірлік тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ жастармен жұмыс істеу саласына инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қарастырылды.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы өз қызметтерінің тиімділігін бағалау әдістемесін таныстырып, жұмыс сапасын арттыру бағытындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Кеңес барысында қатысушылар жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылап, алдағы уақытта орталықтардың әлеуетін арттыру және тиімді жұмыс істеу тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.
Қазіргі кезде ел бойынша 235 ЖРО қызмет етеді. 2025 жылда ЖРО жастарды жұмысқа орналастыру, репродуктивті денсаулықты сақтау, лудомания мен құмар ойындардың қауіпі және т.б. мәселелер бойынша 700 мыңнан астам кеңес өткізді. Ауыл жастарына және NEET санатындағы жастарға да бірқатар кеңес берілді.




