Мәжіліс Цифрлық кодекстің жобасын бірінші оқылымда қарайды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыру үшін әзірленген Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе заң жобалары қаралатын болады. Жолдауда айтылғандай, Қазақстанды таяу үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру – мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерінің бірі.
Кодекс жобасы цифрлық ортадағы қатынастарды реттеуге бағытталған. Жобада цифрлық құқықтық қатынастар объектілерінің және цифрлық орта субъектілерінің түрлері айқындалып, цифрлық құжаттарды қалыптастыру, сақтау, және ұсынудың негізгі қағидалары белгіленген. Бағдарламалық код түрінде ресімделген және белгілі бір шарттар туындаған кезде автоматты түрде орындалатын смарт-келісімшарттар – заңды маңызы бар келісімдерді енгізу көзделеді. Сондай-ақ, жобада аса маңызды цифрлық объектілердің киберқауіпсіздігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі ережелер бекітіледі. Қолданылу мерзімі 1-5 жыл аралығындағы цифрлық жобаларды сынақтан өткізу үшін эксперименттік құқықтық режим енгізіледі. Ілеспе түзетулер арқылы киберқауіпсіздік оқиғалары кезінде байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру тәртібін бұзғаны үшін және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде артық құжаттарды талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделеді.
Бірінші оқылымда палатаға Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске үкіметтік түзетулерді талқылау ұсынылады. Заң жобасында жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық бизнес-процесті цифрландыру үшін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құру, геологиялық ақпаратты басқару жөніндегі Ұлттық геологиялық қызметтің функцияларын бекіту көзделеді. Сонымен қатар бүкіл ел аумағы бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге лицензия беру кезінде «алғашқы өтінім» қағидатын енгізу ұсынылады. Аукциондар негізінде берілетін учаскелер, сондай-ақ көмірсутек пен уран саласындағы ұлттық компанияларға арналған резервтелген аумақтар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман және су қорларының жерлері, сондай-ақ ұлттық қорғаныс нысандары ерекше жағдай ретінде танылады.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері туралы заң жобасы енгізілді. Құжат креативті өндірісті дамытуға, шығармашылық әлеуетті кеңейтуге, кадр даярлау, мемлекеттік қолдау және инвестициялар тарту ісінде уәкілетті органның құзыретін нақтылауға бағытталған. Заң жобасында «кәсіби суретші», «креативті индустриялар өнімі» және «креативті индустриялар субъектілерінің тізілімі» сынды жаңа ұғымдар енгізіледі.
Депутаттарға архив ісі мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарау, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді жұмысқа қабылдау ұсынылады.