Вашингтонда Қазақстан мен John Deere арасында құны 2,5 млрд доллар болатын стратегиялық келісімге қол қойылды
Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында ауыл шаруашылығы машина жасау саласында өнеркәсіптік кооперацияны құру және дамыту жөніндегі Стратегиялық келісімге қол қойылды.
Құжатқа Қазақстан тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «АгромашХолдинг KZ» АҚ және Eurasia Group AG, ал америкалық тараптан John Deere Walldorf International GmbH қол қойды.
Келісім аясында Қазақстанда John Deere ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді кеңейту, сервистік инфрақұрылымды дамыту, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру және цифрлық технологияларды енгізу көзделген. Сондай-ақ жоба шеңберінде саланың инженерлік және техникалық кадрларын даярлау жоспарланып отыр. Алдағы бес жылдағы өнеркәсіптік кооперацияның жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрайды.
«Жаңа келісім отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласының өндірістік әлеуетін едәуір кеңейтіп, технологиялық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік өнеркәсіп саясаты аясында барынша қолдау көрсетуге дайын екенін растайды», – деді Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Айта кетейік, John Deere мен «АгромашХолдинг KZ» арасындағы өнеркәсіптік кооперация жобасы биылғы жылдың мамыр айында іске қосылған болатын.
Бүгінгі таңда жалпы құны 37,6 млрд теңге болатын 292 техника бірлігі өндірілді. Стратегиялық келісім өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту мен негізгі компоненттерді жергіліктендіруді дамытуды көздейді.
«John Deere компаниясымен әріптестікті кеңейту – Қазақстанда заманауи ауыл шаруашылығы техникасының кешенді өндірістік және сервистік экожүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз тек техниканы шығару ғана емес, сонымен қатар инженерлік және технологиялық кластер құру, салалық құзыреттерді дамыту, сервистің сапасын және техника пайдаланудың мәдениетін арттыру туралы айтып отырмыз. Бұл фермерлік шаруашылықтардың тиімділігіне тікелей әсер етіп, аграрлық секторды дамытатын инженер мамандардың жаңа буынын даярлауға мүмкіндік береді», – деді «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова.