Дамудың жаңа серпіні: Абай облысында қоғам әлеуеті нығайды
Абай облысында спорт, жастар саясаты, мәдениет және білім беру сияқты негізгі әлеуметтік бағыттар тұрақты дамып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов мәлімдеді.
Әкімнің қолдауымен өңірде спорт қарқынды дамып келеді.Бүгінде 72 спорт түрі даму үстінде.Биыл Абай облысынан 451 спортшы Қазақстанның ұлттық құрамасына енді. Мейірлан Рахановтың айтуынша, бұл көрсеткіш соңғы үш жылда тұрақты өсімді көрсетіп отыр.
Облыста 48 спорт федерациясы жұмыс істейді, 26 мекемеде 14 мыңнан астам адам тұрақты түрде жаттығады.
Абай облысында 150 217 жас азамат тұрады – бұл өңір халқының төрттен бірі. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен биыл жастар саясаты жөніндегі жеке басқарма құрылды.
Спикердің айтуынша, жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі де бақылауда. Кезекте 15 549 адам тұр, ал биыл түрлі тұрғын үй бағдарламалары арқылы 413 жас пәтер алған.
Абай облысының мәдениет саласы да жүйелі түрде дамып келеді. Өңірде 296 мәдениет мекемесі жұмыс істейді, онда екі мыңнан астам маман, негізінен ауылдық жерлерде, еңбек етуде.
6 мәдени нысан жөндеуден өтті, оның ішінде Шар және Қарауыл ауылдарындағы мәдениет үйлері, Ф.М. Достоевский мұражайы, Абай атындағы театр, облыстық кітапхана және мұрағат бар. Республикалық бюджет есебінен өлкетану мұражайының күрделі жөндеуі жүргізілуде, ал Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орындық ауыл клубы салынып жатыр.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында өңірде 2 700 орындық төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді. Абай облысында 177 балабақша мен 191 шағын орталық жұмыс істейді, кезекте шамамен 5,8 мың бала бар.
Сондай-ақ Семей мен ауылдарда жаңа мектептер салынып жатыр, ал «Қазақстан халқына» қоры арқылы 36 мектепке 58 заманауи оқу кабинеті берілді. Тағы 4 оқу орнының әрқайсысы 250 миллион теңгеге жабдықтар мен жиһазбен қамтамасыз етілді.