Абай облысында тұңғыш рет қазақ тілін қолдауға бағытталған хакатон өтті
Абай облысында «Digital Abai – Қазақ мәдениетінің алтын бесігі» атты республикалық хакатон өз мәресіне жетті.
Іс-шара барысында қатысушылар ұсынған жобалар жоғары деңгейде бағаланды. Әрбір жұмыс қазақ мәдениетін жаңа қырынан ашып, оны заманауи технологиялармен ұштастырды.
Хакатон нәтижесі бойынша 1-орынды Brutal Fairies командасы (Әділхан Алишер, Анарбеков Нұрдәулет, Медахмет Асылмұрат), 2-орынды Cor командасы (Ниязбек Ельнар, Толымханова Алия, Райымұлы Рахым, Тәңірберді Аяжан), 3-орынды Anyz Game командасы (Әділ Қайратұлы, Мирас Алмасұлы, Равиль Маратович, Ақбота Нұрғалиева) иеленді. Ал Гран-при РухAI командасына (Серікқалиева Еркежан, Джетенбаев Мақсат, Маратов Еркебұлан, Сәрсембаев Роллан) табысталды. Гран-при иегерлері қазақ тілінің дамуына бағытталған жобаны жүзеге асыру үшін Абай облысының лингвистикалық орталығымен ынтымақтастық келісім-шартқа қол қояды. Барлық жеңімпаздар республикалық «Тәрбие басы – тал бесік» форумына қатысып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы өкілдерімен кездеседі.
Іс-шараның сәтті өтуіне үлес қосқан серіктестер мен демеушілерге алғыс білдірілді. Негізгі демеуші – Абай облысының лингвистикалық орталығы КММ. Серіктестер қатарында «Alikhan Bokeikhan University» және Home Credit Bank Абай облыстық филиалы бар. Ақпараттық қолдаушы – «Абай ақпарат» редакциясы. Олардың қолдауының арқасында хакатон шығармашылық идеялар мен инновацияларға толы, ұлттық рух пен технологияны тоғыстырған маңызды алаңға айналды.









