Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
525.28 607.85 6.47

Депутаттар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заң жобасын әзірлеуге кірісті

Кеше, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті.

Жиынды ашқан Еділ Жаңбыршин елдің радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» жобасының стратегиялық маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ядролық-отын циклі мен радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласында өңірлік құзыреттер кеңесін құру жөніндегі жуырдағы бастамасы аясында бұл құжаттың өзектілігі артып отыр. Бүгінде Қазақстан аумағында атом энергетикасында, ғылымда, медицинада, мұнай-газ және тау-кен өндіру салаларында иондаушы сәулелену көздері кеңінен қолданылады. Соның нәтижесінде радиоактивті қалдықтардың әртүрлі түрі түзіледі. Бұдан бөлек елімізде «тарихи» деп аталатын радиоактивті қалдықтар мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ, – деді комитет төрағасы. 

Еділ Жаңбыршин құжатта негізгі ұғымдар, объектілер мен субъектілер айқындалғанын, радиоактивті қалдықтардың түрлері мен көздері жіктелгенін, көму орындары мен сақтау пункттерінің мәртебесі белгілегенін айтты. Онда уәкілетті органдардың реттеу қағидаттары мен өкілеттіктері белгіленген. Нақтырақ айтқанда, көму пункттерін салу және жабу туралы шешімдерді Үкімет қабылдайды, ал лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады. Сонымен қатар қалдықтарды есепке алу және бақылаудың мемлекеттік жүйесі енгізіледі.

Заң жобасында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің жалпы шарттары белгіленіп, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институты енгізіледі. Ол радиоактивті қалдықтарды өңдеу және түпкілікті жою үшін толық және кешенді жауапкершілікті өз мойнына алады.

Қалдықтарды жинау, өңдеу мен тасымалдау, көму пункттерін жобалау, салу, пайдалану және жабу процестерін егжей-тегжейлі реттейтін ережелер қамтылған.

Негізгілердің бірі – шетелдік радиоактивті қалдықтарды Қазақстан аумағына әкелуге, орналастыруға және көмуге толық тыйым салу. Бұл шара елдің экологиялық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, заң жобасын қабылдау саладағы мемлекеттік қадағалаудың тиімділігін және ашықтығын арттырады, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің барлық кезеңін басқаруды орталықтандырып, радиоактивті қалдықтарды жинақтау тәсілінен қайта өңдеу және көму саясатына көшуді қамтамасыз етеді.

Ілеспе түзетулер аясында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс пен Экологиялық кодекске, сондай-ақ «Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Баяндама тыңдалған соң заң жобасының ережелері талқыланды. Депутаттар Қазақстандағы радиоактивті қалдықтарды өңдеу мен көмудің қолданыстағы жүйесіне назар аударып, заң жобасында Кеңес кезеңінен қалған көму орындарын реттеу нормалары бар-жоғын нақтылады. Көму орындарының жанында тұратын азаматтарға қауіпті азайтуға, таралу жағдайында жауапкершілікті бөлуге және басқа да мәселелерге мән берілді.

Жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлер заң жобалары бойынша жұмыс тобының алдағы отырыстарында ескерілетін болады. Оған Дүйсенбай Тұрғанов жетекшілік етеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив