Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
525.28 607.85 6.47

Еділ Жаңбыршин: «ЛГБТ насихатына тыйым салу – ұлт мүддесін қорғау»

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Мәжілісте қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға тыйым салу нормасы бойынша пікір білдірді.

— «Бұл мәселе қоғамда бес жылдан бері кең талқыланып келеді. Осы уақыт ішінде біз бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Өкінішке қарай, кейбір топтар ұлттық құндылықтарымызға қол сұғып, киелі дүниелерімізді аяққа таптап отыр», — деді депутат.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, соңғы жылдары ЛГБТ қозғалыстары қоғамда ашық түрде насихат жүргізіп, мектептерге дейін еніп, балалардың санасына кері әсер етуге тырысқан.

— «Бізге қарсы ақпараттық шабуылдар ұйымдастырылды. Тіпті, жеке тұлғамызды келемеждеп, ар-намысымызға тиді. Бұл – заң шығарушы орган өкілдеріне қысым көрсету, адам құқығын таптау. Әлеуметтік желілерде жыныстық қатынастарды ашық көрсету, азғындықты насихаттау – қоғамның болашағына үлкен қауіп», — деді ол.

Депутаттың мәліметінше, ЛГБТ және әсірефеминистік ұйымдар соңғы жылдары шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылып, ұлттық құндылықтарға қарсы идеологиялық жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар, қоғам белсенділері өткен жылы E-petition.kz платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, аз уақыт ішінде 50 мыңнан астам азаматтың қолын жинаған. Бұл – халықтың ұстанымы мен ұлттық құндылықтарға адалдығының айқын көрінісі.

Еділ Жаңбыршин өз сөзінде халықаралық нормалар мен конвенцияларды да еске салды:

— «БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы мемлекеттерге баланы психикалық және рухани тұрғыдан бүлдіретін материалдардан қорғау міндетін жүктейді. Ал 2022 жылы Қазақстан қосылған Женева декларациясы әр мемлекеттің дәстүрлі отбасылық институтты сақтау құқығын мойындайды. Бұл тұрғыда АҚШ-тың өзінде де бір жынысты некеге шектеу қойылған мысал бар», — деді ол.

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған нормалар адам құқығын шектеуге емес, қоғамның рухани қауіпсіздігін қорғауға және ұлттық иммунитетті нығайтуға бағытталған.

— «Біздің басты мақсатымыз – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, жас ұрпақты теріс идеологиялардан қорғау. Бұл – ұлттың мүддесін қорғау», — деп түйіндеді Еділ Жаңбыршин.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив