Қазақстанда құны 536 млрд теңге болатын жаңадан 300-ге жуық ауыл шаруашылығы жобасы жүзеге асырылуда
Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда, бұл шамамен 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар субсидиялау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Президентінің төрағалығымен өткен кеңесте Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
Сондай-ақ Премьер-Министр биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемінің 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты. Шаруаларға 419 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен бөлінді. Бұдан бөлек, егін орағына қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру 145 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жаңа Ауылдық аумақтарды дамыту жаңа тұжырымдамасы қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, биыл микрокредит беру және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Бұл мақсатқа биыл 100 млрд теңге бөлінді. 7 жыл ішінде жоба бойынша 1 млн-нан астам ауыл тұрғыны қамтылады. Оған жалпы 1 трлн теңге көзделген.
Осы ретте Әлихан Смайылов ауылды дамытудың негізгі тетіктерінің бірі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы болып қала беретінін баса айтты. Биыл бағдарлама аясында 900 ауылда жалпы құны 198 млрд теңге болатын 1800-ден астам жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ шекара маңы аудандарының инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қолға алынды. 2023 жылы 140 ауылда 290 нысан пайдалануға беріледі.